Астанада журналистер футболдан сынға түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Əлкей Марғұлан атындағы № 40 қазақ орта мектебінде шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы қалалық филиалының кубогы үшін турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жарысқа бұқаралық ақпарат құралдарының 8 командасы қатысты. Онда Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының «Жеңіс», «Егемен Қазақстан» газеті, «Хабар» агенттігі, «Қазақ Радиосы», «ҚазМедиа», «Sport 59», Kazsport пен «Атамекен» бизнес телеарнасының клубтары күш сынасты.
Турнирді алғы сөзбен Мәдениет жəне спорт министрлігі Спорт жəне денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов ашты.
Командалар екі топқа бөлініп, өнер көрсетті. «А» тобында Қазақ Радиосы, «Егемен Қазақстан», Kazsport пен «Хабар» ұжымының командалары ойнаса, «В» тобында алаңға «ҚазМедиа», «Жеңіс», «Sport 59» бен «Атамекен» телеарнасының жігіттері шықты.
«А» тобында «Хабар» агенттігі мен «Егемен Қазақстан» газетінің клубтары бірінші және екінші орынмен келесі айналымға шықса, «В» тобында «Жеңіс» пен «Sport 59» командалары ½ финалға жолдама алды. Сөйтіп, жартылай финалдың бірінші матчында «Хабар» мен «Sport 59» клубтары кездесті. Бұл ойында журналистер додасында топ жарып, бас жүлдені иемденіп жүрген «Хабардың» жігіттері басымдық танытты. Команда капитаны Нұрсұлтан Құрман бастаған жігіттер турнирдің «тинейджерлер» командасы атанған «Sport 59» клубын 3:0 есебімен ұтты.
Жартылай финалдың екінші ойыны «Жеңіс» пен «Егемен Қазақстан» командаларының арасында өтті. Бұған дейін Астана қалалық футбол федерациясының ұйымдастыруымен өткен БАҚ лигасында Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы қалалық филиалының клубы «Егеменнің» ойыншыларынан жеңілгенін білеміз. Кездесуде «Жеңістің» жігіттері сол жолы кеткен есені қайтарып алды. Олар қарсыластарын 3:2 есебімен жеңді. Ал турнирдің үшінші орны үшін болған матчта «Sport 59» «тинейджерлер» командасы «Егеменнің» жасағынан айласын асырып, қола жүлдегер атанды.
Бұл сында «Жеңіс» клубының бабы мен бағы келісті. Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы қалалық филиалының клубы финалда «Хабар» агенттігінің жігіттерін пенальти сериясында ұтып, турнирдің жеңімпазы атағын жеңіп алды. Матчта командалар бір-біріне дес бермей, жанкүйерлерге тамаша ойын сыйлады. Мәселен, 3:3 есебімен аяқталған ойында «хабарлықтар» 1:3 есебімен жеңіліп жатып, есепті теңестіріп кетті.