Астанада жыл басынан бері 3 бала терезеден құлап қайтыс болды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басталғалы елордада балалардың терезеден құлап кетуі бойынша 24 факті тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Полиция департаменті жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды сұрайды. Елордада жыл басынан бері балалардың терезеден құлап кетуінің 24 фактісі тіркеліп, 3 бала қаза тапты», - делінген ресми ақпаратта.

Департаменттің мәліметінше, қараусыз қалған балалар терезе алдына өздігінен шығып құлап кетеді.

«Балалардың терезеден құлап кетуі көбінесе ересектердің олардың мінез-құлқын бақыламауынан, терезені жабуды ұмытып кетудің салдарынан туындап жатады. Сонымен қатар адамдардың аталған мәселеге салғырт қарайтындығы да себеп. Мысалы, терезелерде қорғаныш құралының болмауы немесе жиһаздардың дұрыс орналастырылмауы», - дейді ведомстводан.

Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті қауіп-қатердің алдын алу мақсатында келесі ережелерді сақтау керектігін ескертеді:

- пәтердегі терезелерді ашып, үй-жайды желдету кезінде, баланы қадағалап отырыңыз;

- баланың балконға ересектердің қарауынсыз шығуына жол бермеңіз;

- ұйықтап жатқан баланы ешқашан пәтерде жалғыз қалдырмаңыз, ол оянып, ашық терезеге шығып қарауы мүмкін;

- барлық жиһаздарды, соның ішінде төсектерді терезелерден алыстатыңыз, бұл баланың терезеге кездейсоқ шығып кетуіне жол бермейді;

балаға терезеден немесе балконнан көшеге қарау үшін аяғының астына орындық немесе басқа құрылғыны қоюды үйретпеңіз, кейінірек осылай әрекет ете отырып, ол тым еңкейіп терезеден құлап кетуі мүмкін;

- москит торлары үлкен қауіп төндіреді: бала алда қандай да бір тірегіш барын көреді де оған сенімді түрде сүйенеді, нәтижесінде ол тіпті ең кішкентай бір жасар баланың салмағына арналмаған тормен бірге құлап кетуі мүмкін.


Соңғы жаңалықтар