Астанада жыл басынан бері 6 824 пәтер пайдалануға берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың маңызды бағыты халықты баспанамен қамту мәселесі болып табылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол - Болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында тұрғын үй сатып алудың жаңа шарттарын әзірлеу қажеттілігін айтты. Мұнымен қоса, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту мәселесі де өзекті болып отыр, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада жыл басынан бері 6 824 пәтер пайдалануға берілді

Жыл сайын баспаналы болуға ниетті адамдар саны артып келеді. Биыл 2 096 қала тұрғыны мен 5 076 жас отбасы «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына қатысу үшін құжаттарын тапсырды.

Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының хабарлауынша, жыл басынан бері жалпы ауданы 903 599 шаршы метрлік 6 824 пәтер тапсырылды. Соның ішінде 158 637 шаршы метр мемлекеттің меншігі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,4 есеге артық. Тұрғын үй құрылысына капитал салымдарын игеру 107 302,3 млн. теңгені (2013 жылға қарағанда 134,4%) құрайды.

Астанада мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру тұрғын үйлерді пайдалануға беру жұмыстары жалғасуда.

Еске салайық, Астана қаласы Құрылыс басқармасының хабарлауынша, бағдарламаны іске асыру аясында елордада жалпы ауданы 130 мың шаршы метрді құрайтын 2 671 пәтерлік сегіз тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Соның ішінде 1 574 пәтерлік бес тұрғын үй кешенін жыл соңына дейін тапсыру көзделген.

Бұдан басқа, тағы да 1 135 пәтерлік 8 тұрғын үй кешені салынып жатыр, пайдалануға беру мерзімі - 2015-2016 жж.