Астанада жыл басынан бері қараусыз қалған 192 көлік анықталды

Жыл басынан бері 192 көлік анықталып, тұраққа қойылды. Қыста иесіз қалған көліктер мәселесі аса өзекті болады, өйткені иелері аулаларда және жолдардың жиектеріне қалдырып кеткен көліктерді қар басып, қала тұрғындарына кедергі келтіреді, елорданың келбетін бұзады.
Жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, полицейлер номер белгілері мен шанақтың номері арқылы көлік иесін еш қиындықсыз анықтайды. Көлік иелерімен әңгімелесу жүргізіліп, кейбір жағдайларда олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Бір айдан артық уақыттан бері тұрған, бұзылған, қоқыс пен металдың жиналу ошағына айналған, қар жинау техникасына кедергі жасайтын, гүлзарларға қойылған, жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі болатын машиналар әкетіледі.
Елорда тұрғындарын көшеде қараусыз қалған көлікті байқаған жағдайда, 102 номеріне немесе елорда әкімдігінің «Халықтық бақылау» және «Виртуалды қабылдау бөлмесі» айдарларына хабарласуға шақырамыз. Өтініш қабылданған соң анықталған көлік жүргізушілеріне қатысты қажетті шаралар қолданылатын болады.