Астанада жыл сайын 30 мың бала дүниеге келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәрігерлердің сапалық көрсеткішінде бірқатар мәселе бар. Бұл туралы бүгін қала халқының алдында есеп беріп жатқан Астана әкімі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада жыл сайын 30 мың бала дүниеге келеді

«Жаны саудың - тәні сау» дейді қазақ. Дәрігерлер - еңбегі көп елене бермейтін саланың өкілдері екенін білесіздер. Алайда, бір сәт ойланайықшы! Олар - күн сайын түрлі тағдырлармен бетпе-бет келетін қайсар жандар емес пе? Өмір мен өлімнің арасында жанталасып жатқан науқасты азабынан құтқаратын қаһармандар - міне, осылар ғой. Рас, медицина саласында, әсіресе, қалалық емханаларда кадр тапшылығы, қызметкерлердің сапалық көрсеткіші бойынша бірқатар мәселелер бар. Бірақ, біз осы проблемаларды жеңу үшін бірқатар қадамдар жасадық», - деді қала басшысы.

Осы орайда, ол емхана дәрігерлерінің кәсібилігін көтеру және азаматтармен қарым-қатынас шеберлігін нығайтуға бағытталған семинарлар өткізіліп жатқандығын айтты. Сонымен қатар медицина саласында өлім-жітім көрсеткішін төмендету, тиімді емдеу үшін инфрақұрылым құру, кадрларға әлеуметтік пакет беру және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге басымдық берілетіндігін атап өтті.

«Елордада өлім-жітім көп болатын аурулардың көрсеткіштерін айтарлықтай жақсарта алдық. Атап айтқанда қан айналымы жүйесінен болатын өлім жітім -18, инфарктан -9, гипертониядан -8 пайыз төмендеді. Бұл цифрлардың артында ондаған мың құтқарылған өмір тұр. Орташа алғанда өлім-жітім 10 пайыздан астамға төмендеді. Жыл сайын елордада 30 мың бала дүниеге келеді», - деді ол.