Астанада жыл сайын 6 жаңа мектеп ашылады - Ә.Бимендина

АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Елордада жыл сайын 6 мектеп ашылатын болады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген Астана қаласының Білім беру басқармасының бастығы Әсима Бимендина айтты.

Астанада жыл сайын 6 жаңа мектеп ашылады - Ә.Бимендина

Оның хабарлауынша, жоспарға сәйкес, 2013-2014 жылдары 6 мектеп, 2015 жылы тағы 6 жаңа мектепті пайдалануға беру көзделген. «Бүгінде біз жыл сайын үш-төрт жаңа мектепті пайдалануға беріп, онымен 3700 орынды толтырамыз. Дегенмен, балалардың саны артып келеді. Мәселен, биыл жазда Астана қаласына көшіп келген оқушы балалардың жалпы саны 4 мыңға жетті. Осы жағдайды ескерсек, елордада әлі де мектеп ғимараттарын салу қажет. Әсіресе, Есілдің сол жағалауында білім беру мекемелерінің санын арттыру керек-ақ», - дейді Ә.Бимендина. Басқарма бастығы атап көрсеткендей, қазіргі кезде Астанаға 15 мыңдай мектеп орны жетіспейді. 1200 орынды кейбір мектептерде 2 мың бала білім алуға мәжбүр.