Астанада жыл соңына дейін 8 мектеп ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жыл соңына дейін 8 мектепті қолданысқа беру жоспарланған. Бұл туралы бүгін қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Қасымхан Сенғазиев айтты.
«Жыл соңына дейін сегіз мектеп ашу жоспарлануда. Негізі тоғыз мектеп жоспарланған болатын. Оның біреуі жуырда ашылып қойды. Енді 1 қыркүйекте тағы бір мектеп қолданысқа беріледі. Ал қыркүйек айының соңына дейін тағы 4 мектепті бітіру жоспарланған. Олардың дені Сол жағалауда және бір мектеп С. Сейфуллин көшесінде орналасқан», - деді Қ.Сенғазиев.
Оның айтуынша, 1 қыркүйекке жоспарланған нысан 100 пайыз дайын тұр. Қолданысқа берілетін әр мектеп 1200 орынға арналған.
«Мектептер 1200 орындық, барлығын қосқанда 8 мың орын ашылады деген сөз. Ал қазіргі мектеп орындарының тапшылығы 23 мыңды құрайды», - деп атап өтті ол.