Астанада «Жыл спортшысы-2013» атағының иегерлері анықталды

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Алты қазақстандық «Жыл спортшысы-2013» атағын жеңіп алды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Астанада «Жыл спортшысы-2013» атағының иегерлері анықталды

Осылайша, аталмыш атаққа бірден төрт боксшы: Данияр Елеусінов, Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов және Жәнібек Әлімханұлы ие болды. Сонымен қатар 2013 жылдың спортшысы болып конькиші Денис Кузин мен палуан Айбек Нұғымаров атанды.

«Жыл бапкері-2013» титулын Мырзағали Айтжанов (ҚР бокс құрамасының бас бапкері), Серік Қожыкенов (Айбек Нұғымаровтың бапкері), Марат Елеусінов, Мұрат Сиқымбаев пен Петр Пастушко (Кузиннің жаттықтырушылары) алды.

Кәсіби спорттағы үздік спортшы ретінде Геннадий Головкиннің есімі аталды. «Жеңіске деген құлшынысы» үшін Денис Тен, штангашы Алмас Өтешев, дзюдошы Азамат Мұқанов, паралимпиада спортшысы Зүлфия Ғабидуллина, боксшылар Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко сынды спортшылар марапатталды.

Үздік федерация аталымында Конькимен жүгіру федерациясы жеңіске жеткен. Жыл командалары атағына көкпардан ұлттық құрама, Astana Arlans клубы, «Шахтер» футбол командасы мен кіші футболдан «Қайрат» клубы қол жеткізіп отыр. Ал спортта ең белсенді өңір - Оңтүстік Қазақстан облысы деп танылды.

Айта кетейік, аталмыш марапаттарды 2013 жылдың қорытындысын негізге ала отырып, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі табыстады.