Астанада жылдам шахматтан турнир өтті
Айтулы бәсекеде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен ұстаздары өзара бақ сынасты.
Университет қабырғасындағы Динара Сәдуақасованың атына ашылған шахмат клубы бүгінде көпшілік тарапынан қолдау табуда. 2011 жылы іргесі қаланған клубқа қызығушылық білдіргендердің саны жыл санап артып келеді. Осыдан 2 жыл бұрын халықаралық аренада шахматтан өткен Бүкіләлемдік олимпиадада қазақстандық қыздар құрамасы оң нәтиже көрсетіп, 12-ші орынға табан тіреген болатын. Дәл осындай байрақты олимпиада Қазақстанда 2018 жылы өтетін болады. Қазақстан құрамасының мүшесі Динара Садуақасова спорттың бұл түрі ерекше тартымды екендігін тілге тиек етіп, алдағы өз жоспарларымен бөлісті. «Мен ағымдағы жылды толығымен шахматқа арнауды жоспарлап, қазір оны жүзеге асырып келемін. Әрине, шахмат мен үшін бірінші кезекте. Десе де, тіл үйреніп университетке түсуді көздеймін. Ресей мен Америкаға гранттар болды. Қазақстанда да бірқатар ұсыныс бар. Әлі де болса уақыт бар, нақты шешімге келген жоқпын», - дейді гроссмейстер Д.Сәдуақасова.