Астанада жылдың аяғына дейін 400-ден астам аула абаттандырылады

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - 2013 жылдың аяғына дейін елордада 400-ден астам аула аумағы абаттандырылады.

Астанада жылдың аяғына дейін 400-ден астам аула абаттандырылады

Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласы әкімі аппаратының Өмір тіршілігін қамтамасыз ету және инфрақұрылым бөлімінен мәлім етті.

«2013 жылдың аяғына дейін Астанада 402 аула абаттандырылатын болады. Атап айтқанда, Сарыарқа ауданы бойынша - 260, Алматы ауданы бойынша - 106 және Есіл ауданы бойынша - 36 ауланы абаттандыру жоспарланған, - деп хабарлайды қалалық әкімдіктен.

Қазір абаттандырылуға тиісті барлық аулаларда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол жиектері, жаяу жүргіншілер жолы, реттелуде. Сонымен қатар, декоративті қоршаулар орнатылып, балалардың ойын және спорт алаңшалары қалыпқа келтірілуде.

Сарыарқа ауданында: Желтоқсан, Ағыбай батыр, Жангелдин, Потанин, Біржан сал, Гете, Мыңарал, Талапкер, Мәскеу, Жарсуат, К.Байсейітова, Чехов, Қарталы, Ақбұғы көшелері мен Жеңіс, Республика, Сарыарқа даңғылдарындағы аулалар абаттандырылады.

Есіл ауданында Сығанақ, Достық, Сарайшық көшелері мен Жаңа әуежай, Түркістан, Қабанбай батыр даңылдарындағы аулаларда жұмыс қарқын алған.

Алматы ауданында жылдың аяғына дейін 106 аула, 106 балалар алаңы, 34 спорт алаңы жабдықталып, 632 қоқыс жәшігі, 701 орындық пен 84 шатыр орындық орнатылмақ. 128 шаршы метр жерге жаңадан асфальт төселіп, аудан тұрғындарының жайлылығы үшін 3 мыңнан аса автотұрақ орны ашылады.