Астанада жылдың үздік өнертапқыштары анықталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР зияткерлік меншік саласының маңызын арттыру, өнертапқыштар мен олардың өнертабыстарын көпшілікке таныту мақсатында өнертапқыштық саласындағы жетістіктердің «Шапағат» жыл сайынғы республикалық байқауы өткізіледі. Бұл туралы қалалық Әділет департаментінің баспасөз қызметінен хабарлайды деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайтында.
Жеңімпаздар «Жыл өнертабысы», «Өнертапқыш әйел», «Жылдың ең жас өнертапқышы», «Жылдың ең белсенді өнертапқышы», «Жас дарын» номинациялары бойынша анықталады.
Байқау шеңберінде «Жас дарын» номинациясына ерекшелік белгілері бар, ең перспективті зерттемелерге жататын ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазған 14-18 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер қатарынан үміткер іріктеледі. Осы номинацияға инновациялық патент немесе патентпен қорғалмаған ғылыми жұмыстармен қатысуға болады.
Жеңімпаздар «Шапағат» бағалы мүсінімен және ақшалай сыйлықтармен, зияткерлік меншіктің дүниежүзілік ұйымының наградасымен және В.И.Блинников атындағы «Өнертапқыштық және патенттік іске қосқан үлесі үшін» Еуразиялық патенттік ведомствоның алтын белгісімен марапатталады.
Жеңіс тұғырынан көрінген дарынды жандарды салтанатты марапаттау рәсімі Астана қаласында VІІ Астана экономикалық форумының ІІ «Антиконтрафакт» Халықаралық форумының аясында 2014 жылдың 22 мамырында өткізіледі.
«Байқауға қатысу үшін өтінімдер 2014 жылдың 1 сәуіріне дейін қабылданады. Ниет білдіргендер байқау туралы ақпаратты Астана қаласының Әділет департаментінің Зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі бөліміне хабарласа алады: Астана қаласы, Жеңіс даңғылы 15, тел, факс: 8 (7172) 321-787, e-mail: intell-ast@mail.ru» , - деп хабарлайды ведомство қызметкерлері.