Астанада жылу беру маусымы қашан аяқталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жылу беру маусымының аяқталу мерзімі мамыр айының ортасына дейін созылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Астана қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астанада жылу беру маусымына орай арнайы штаб ұйымдастырылған. Оны қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмағамбетов басқарады. Қыс бойы аталған штабта көтерілген мәселелер дереу қаралып, қатаң бақылауда болды. Нәтижесінде қысты аман-есен өткіздік. Ал жылудың осы күнге дейін берілуіне қатысты айтар болсам, қалалық мәслихат қабылдаған арнайы шешім бар. Соған сәйкес қысқы жылу беру маусымының аяқталуы үшін ауа райы тұрақталуы тиіс. Яғни, 5 тәулік бойы орташа ауа температурасы +10 градус жылы болуы қажет», - деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта температура +10 градустан төмен болуына байланысты елорда әкімдігі ауа райы тұрақталғанша жылу беру маусымын созу туралы шешім қабылданған.
«Нақты деректерге сәйкес, 9 мамырға дейін ауа райында тұрақсыздық сақталып, температура әлі де төмендейді. 9 мамырдан кейін ғана тұрақты жылы болады», - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар ол тұрғындардың жылуға энергияны босқа шығындап жатырмыз деген шағымына да нақты жауап берді.
«Жалпы, бұл кез келген тұрғынның және қызмет көрсетуші компаниялардың, яғни пәтер иелері кооперативтерінің құқығы. Олар өздерінің ПИК-теріне жүгініп, реттей алады. Біз энергия тасымалдаушы ретінде жылу беру маусымы аяқталмайынша оны өшіре алмаймыз. Ал медициналық, білім беру мекемелері басқа санатқа жатады. Оларға қатысты шешім дербес қабылданады», - деді Ербол Төлеуов.
Фото: netsmol.ru