Астанада жылыту маусымы 1 қазаннан басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 қазанда елорданың әлеуметтік нысандарына жылу беріледі (бірінші кезең). Барлық тұтынушыларға жылу жүретін құралдардың дайындығын қамтамасыз ету, жылыту жүйелерін шаю және жылыту маусымының алдында міндетті түрде тазалау бойынша техникалық талаптар берілді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Астанада жылыту маусымы 1 қазаннан басталады

Тұрғын үйлерге жылу ауа райына байланысты жіберіледі.

2016 жылғы 29 қыркүйектегі жағдай бойынша, Астана қаласында орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосылған 2 454 әлеуметтік-мәдени нысан мен көппәтерлі тұрғын үй қорының 2 431-і немесе 99% жылыту маусымына дайын. Жақын күндері нысандарды дайындау бойынша соңғы жұмыстар аяқталады.

Денсаулық сақтау, білім және мәдениет нысандары жаңа жылыту маусымына 100% дайын.

Энергия көздері, инженерлік желілер және тіршілікті қамтамасыз ету нысандары да алдағы жылыту маусымына толық дайын.

Қазіргі кезде ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 жылыту маусымына 100% дайын, аудандық қазандықтар да жылыту маусымын бастауға әзір.

ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 жиынтық энергия қуаттылығы 455,1 МВт құрайды, соның ішінде: ЖЭО-1 - 15,1 МВт, ЖЭО-2 - 440 МВт. Жиынтық жылу қуаттылығы - 2 065,6 Гкал, соның ішінде: ЖЭО-1 - 674,9 Гкал, ЖЭО-2 - 1 370 Гкал, аудандық қазандықтар - 20,7 Гкал.

«Астана-Энергия» АҚ отын қорына тоқталсақ: көмір - 241 392 т., мазут - 7 783 т.

2016-2017 жж. жылыту маусымы басталғанша станцияларда отынның нормативтік 20 тәуліктік қоры дайындалды, ЖЭО-1 бойынша - 36 140 т., ЖЭО-2 бойынша- 185 420 т.

Сонымен қатар 2016 жылы әр айда көмір жеткізу кестесі бекітілді. Аудандық қазандықтарда қажетті 19 000 т. көмір қорының 16 000 т. бар. Көмір кестеге сәйкес қазан айынан бастап жеткізіледі.

Сондай-ақ, «Астана-Теплотранзит» АҚ да жылыту маусымына 100% дайын.

«Астана-Теплотранзит» АҚ күрделі жөндеу бағдарламасы бойынша 1,150 км магистральді желіге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізді. Ұзындығы 1,432 км тарату желісіне күрделі жөндеу жүргізілді, жұмыс 100% орындалды. 3 698м2 құбырдың жылу оқшаулауы қайта жөнделді. 2016-2017 жж. арналған Астана қаласы жылумен жабдықтау жүйесі жұмысының режимдік картасы әзірленіп, келісілді.

Одан бөлек, «Астана-РЭК» АҚ да жылыту маусымына 100% дайын. Үстіміздегі жылдың сәуір айынан қыркүйек айына дейін «Астана-РЭК» АҚ күрделі жөндеу бағдарламасы бойынша бірнеше ӘЖ күрделі жөндеу жұмыстары орындалды. «Астана-РЭК» АҚ қызмет көрсетілетін электр желілерінің жалпы ұзындығы 3 631 км құрайды. Шағын станциялар саны - 1 134 бірлік.