Астанада жылыту маусымы ауа температурасы үш күн бойы - 9 градусты құрағанда басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы тұрғын үйлер жылыту маусымына дайын, деп хабарлады astana.kz.
Сайттағы мәлімет бойынша, 2 115 тұрғын үй орталықтан жылытылады. Қазіргі кезде 2 077 көппәтерлі тұрғын үй (98 пайызы) алдағы 2014-2015 ж жылыту маусымына дайындық жұмыстарын толық аяқтады.
Қала аудандары бөлінісінде мынадай жағдай қалыптасқан: Алматы ауданы бойынша 1030 тұрғын үйдің 1 028-і, яғни 99,9%, Есіл ауданында 157 тұрғын үйдің 139-ы, яғни 89%, Сарыарқа ауданында 910 баспананың 928-і, яғни 98,5% қысқа дайын. Елордада тұрғын үй қоры мен әлеуметтік нысандарды қысқа дайындау бойынша жұмыстар жаңа жылыту маусымы басталғанша жүзеге асырылады. Еске салайық, 2011-2020 ж арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын іске асыру аясында үстіміздегі жылдың 1 маусымынан бастап, 20 көп пәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеу қолға алынды. Жөндеу жұмыстарын 2014 жылғы қыркүйек айында аяқтау көзделген. Қазақстан Республикасының Мемлекетаралық құрылыс нормаларына (МҚН 4.02-02.2004) сәйкес, Астанада жылыту маусымы орташа тәуліктік ауа температурасы үш күн бойы - 9 градусты құрағанда басталады.