Астанада жылытылған аялдамаларды орнату уақытша тоқтатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жылытылған аялдамаларды орнату жұмыстары уақытша тоқтатылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Қалалық шешімдер бюросы» орталығының директоры Дәурен Қайсаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада жылытылған аялдамаларды орнату уақытша тоқтатылды

«Шынында да қазіргі кезде жылытылған аялдамаларды орнату жұмыстары уақытша тоқтатылды. Себебі, бүгінде аталған павильондарды орнатудағы қадамдар қайта қаралды. Осы күні бес инвестор бар және олар ынтымақтастықтың түрлі бағыттарында қалалық кеңес алдында өздерінің жобаларын қорғап отыр. Яғни, бұл ретте тек аялдама ғана емес, сонымен қатар  тұтас аялдамалық кешен қамтылмақ. Онда аялдама, жол бойындағы сервис міндетті болады»,-деді ол.

Осы кешенде қоғамдық дәретхана, жергілікті полиция қызметінің бекеті, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындары болады деп күтілуде.

Белгілі болғандай, қазіргі кезде бірнеше инвестор Астананың аумағында 200-ге жуық павильонды орнатуға дайын көрінеді. Аялдамалар негізінен мектептер мен ауруханалар секілді әлеуметтік нысандар жанында салынады.