17:55, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Астанада "Жылжымайтын мүлік қоры» жұмысы тетіктерінің таныстырылым болды
АСТАНА. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниясы – «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ жұмысы тетіктерінің таныстырылымы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Баспасөз қызметінің мәліметінше, осыдан бір жарым жыл бұрын құрылған «Жылжымайтын мүлік қорының» негізгі мақсаты - Астана мен Алматы қалаларында және республикамыздың өзге аймақтарында жалға берілетін тұрғын үй жүйесін құру. Бүгінде Қор белді құрылыс компанияларынан тапсырыстар алып, Астанадағы 66 нысанды қаржыландыру туралы 78 келісімге және Алматыдағы 12 нысанды қаржыландыру туралы 12 келісімге қол қойған. Құрылыс нысандары аяқталғаннан кейін жалпы ауданы 1 млн. 500 мың шаршы метр болатын 15 мың пәтерді пайдалануға беріп, 13 мың үлескердің мәселесін шешу көзделіп отыр. «Егер аумағы 60 шаршы метр болатын жаңадан салынған үйден 2 бөлмелі пәтерді жалға алып, кейіннен сатып алатын болсаңыз, ай сайынғы төлемі шамамен 56 мың теңгені құрайды», делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.