Астанада зиялы қауым өкілдерімен кездесуде қоғамдағы дін және руханият мәселелері әртүрлі қырынан талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 сәуірде Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы М.Әзілхановтың және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Дін бірлігі - ұлт тұтастығының кепілі» атты зиялы қауым өкілдерімен кездесуі өтті.
None
None

Бұл туралы Дін істері агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуге Қабдеш Жұмаділов, Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев, Мұрат Әуезов, Марфуға Айтхожина, Темірхан Медетбек және т.б. әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлерінен құралған зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кездесу зиялы қауымға мемлекетіміздің дін саясаты және еліміздегі діни ахуал жөнінде, Агенттіктің дін саласындағы уәкілетті орган ретіндегі қызметі мен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнаманың жүзеге асырылуы жайында кеңінен түсінік беру мақсатымен ұйымдастырылды. Аталған мәселелерді жан-жақты талдай отырып, мазмұнды баяндама жасаған Агенттік төрағасы М.Әзілханов сонымен қатар зиялы қауыммен қарым-қатынас аясындағы келешек жұмыс жоспарымен бөлісті.

«Зиялы қауым өкілдері заманалар бойы ұлттың ұстазы, қоғамдық ақыл-ойдың қозғаушы күші қызметін қалтқысыз атқарып келеді. Өскелең жастар сіздер жазған туындылар, жасаған зерттеулер арқылы өзін, ұлтын, дәстүрін, дүниетанымын таныды, сана-сезімін, ой-өрісін, бағыт-бағдарын қалыптастырды. Көркем әдебиет, өнер, ғылым, баспасөз арқылы қоғамдық сананы сіздер қалыптастырудасыздар деп біз сеніммен айта аламыз. Мемлекеттік орган ретінде біздің жүргізіп отырған барлық қоғамдық шараларымызға зиялы қауым өкілдері де қатысуда. Ұлт мүддесі баршаға ортақ болғандықтан мен сіздерді осы бағытта бірлесе отырып, белсене жұмыс жүргізуге шақырамын», - деді М.Әзілханов өз сөзінде.

Келесі сөзді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы алып, қазақ халқының ата-діні - исламның жасампаз құндылықтарына, оның қоғам өміріндегі маңызына кеңінен тоқталды.

Сонымен қатар ҚР Дін істері агенттігі төрағасының кеңесшісі А.Әбдірәсілқызы дін және дәстүр сұхбатының заманауи сын-тегеуріндер аясындағы жай-күйіне тоқталып, рухани құндылықтар және діни сана төңірегінде ой бөлісті.

Пікірталас барысында Агенттік төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин Елбасының жыл сайынғы халыққа жолдауының стратегиялық бағыттарымен таныстырып, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласының өзекті мәселелері жөнінде толымды пікір білдірді.

Іс-шара барысында бүгінгі қоғамдағы дін және руханият мәселелері әртүрлі қырынан талқыланды. Зиялы қауым өкілдері тарапынан қойылған өзекті сауалдарға жауап беріліп, жан-жақты пікір алмасылды.

Кездесу қорытындысында Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев, Аманжол Қошанов, тағы басқа зиялы қауым өкілдері дін саласындағы уәкілетті орган және мүфтият басшылығымен өткен кездесуді екі жақты пайдалы шара ретінде жоғары бағалап, дәстүрлі іс-шараға айналдыру қажеттігін атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар