Астанада Зуқа батырдың 160 жылдығына арналған халықаралық ғылыми семинар өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 6 қараша күні Астанада қазақ халқының тарихи тұлғалары Зуқа батыр Сәбитұлы мен Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай халықаралық ғылыми семинар ұйымдастырылады.
Іс-шара аясында Зуқа батыр Сәбитұлының 160 жылдық мерейтойына арналған «Қаракөпір» және «Қорған» кітаптарының таныстырылымы мен тұсаукесері өтеді. Оның өмір жолы мен ерлігіне арналған жаңа жинақтарға зерттеулер, мақалалар, өлеңдер мен жыр-толғаулар енгізілген. Кітаптар батырдың шыққан тегі, өмірі мен тарихи қызметін таныстырып, ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған. Басылымдар тарихшыларға, зерттеушілерге, әдебиетшілерге және қалың оқырман қауымға арналған.
Ғылыми семинар сағат 11:00–13:00 аралығында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасындағы «Ақселеу Сейдімбек» залында өтеді. Шараны ЕҰУ-дың «Алтын Орда өркениеті» кафедрасы ұйымдастырады.
Жиында Зуқа батырдың өмір жолы, ел қорғаудағы ерлігі, қоғамдық және діни қызметі, сондай-ақ оның қазақ тарихындағы орны мен мұрасын зерттеу мәселелері талқыланады. Семинарға ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы, профессорлар Серік Негимов пен Тұрсынхан Зәкен, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы, ақын Ғалым Жайлыбай, академик Қайрат Айдарханұлы және өзге де отандық, шетелдік зиялы қауым өкілдері қатысады. Олардың қатарында Қырғызстан, Германия және Аустриядан келген қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Зуқа батырдың ұрпақтары бар.
Зуқа батыр Сәбитұлы (1866- 1929) — қазіргі Абай облысының Кендірлік өңірінде дүниеге келген, ел қорғаған батыр, қоғам және дін қайраткері. Ол ұлтқа, дінге және әлеуметтік жағдайға бөлмей, кедей-кепшікке, әлсізге және пана іздеген жандарға қорған болған тұлға ретінде халық жадында сақталған. Оның өмір жолы — елдік пен ерліктің, имандылық пен адамгершіліктің, әділдік пен қайсарлықтың өнегесі. 1929 жылы Алтайдың арғы бетінде қаза тапқан батырдың өмірі мен ерлігі қазақ әдебиетінде де кеңінен көрініс тапты. Атап айтқанда, Қажығұмар Шабданұлының «Пана», Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» романдары, Талғат Кеңесбаевтың «Қараңғы түннің жұлдызы» атты шығармасы батырдың тұлғасын танытуға арналған. Бұл еңбектерде батырдың өмір жолы, ел алдындағы қызметі мен тарихи кезеңнің күрделі оқиғалары қамтылған.
Осыған дейін Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойына орай ұлытаулықтар ақынға көлік тарту еткенін жазғанбыз.