Астана әуежайында күн райының қолайсыздығынан 10 рейс тоқтатылды
Астана халықаралық әуежайында өткен тәулікте (30.12.23) ауа райының қолайсыздығына байланысты 40 рейс кейінге қалдырылды. Елорда әуежайында 30 желтоқсан таңғы 9:00 бен 12:00 аралығында ұшып-қонуға шектеу енгізілді, деп хабарлайды Kazinform әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түскі 12:00-ден кейін әуеайлақтағы шектеу алып тасталғанымен, қолайсыз ауа райы салдарынан әуе компаниялары рейстерді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.
Елорда әуежайының ұшу-қону алаңында метеорологиялық жағдай әлі де күрделі. Қазір әуеайлақта ауа температурасы -3°С, желдің жылдамдығы 16 м\с, бұлтты, тығыз қар. 31 желтоқсан күні Астана халықаралық әуежайында барлығы 112 рейс жоспарланған. Қазірдің өзінде метеожағдайға байланысты 10 рейс кейінге қалдырылды. Олар:
LH 646 Астана - Франкфурт
KC 7319 Астана - Қызылорда
KC 956 Астана-Алматы
KC 992 Астана-Алматы
TK 355 Астана-Ыстанбұл
IQ 407 Астана-Шымкент
KC 345 Aастана-Өскемен
5W 788 Астана-Абу-Даби
KC 762 Астана-Алматы
Бүгін елорда әуежайында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың төрағалығымен арнайы штаб құрылды. Штаб құрамында әуе компанияларының өкілдері, азаматтық авиация комитетінің, ҚР Авиациялық әкімшілігінің және әуежай басшылығы болды. Арнайы құрылған топ өкілдері жолаушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Одан бөлек жолаушыларға 2000 порциядан астам ыстық тамақ, ыстық және салқын сусын таратылды. Қазір әуежайда 2500-ға жуық жолаушы өз рейсін күтуде. Жолаушылар қалыптасқан жағдайға түсіністік танытуда.