Астанадағы дүкендерде вейптердің заңсыз сатылуын анықтау бойынша рейд жүргізілді

АСТАНА. KAZINFORM — «Заң және тәртіп» қағидаты аясында елорданың Байқоңыр ауданында никотинсіз темекі өнімдерінің, электронды тұтыну жүйелерінің (вейптер), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз сатылуын анықтауға бағытталған кезекті профилактикалық рейд өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Астанадағы дүкендерде вейптердің заңсыз сатылуын анықтау бойынша рейд жүргізілді
Фото: Астана әкімдігі

Рейдті Байқоңыр ауданы әкімдігінің қызметкерлері, аудандық полиция басқармасы және «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері бірлесіп жүргізді.

Рейдтің мақсаты – құқықбұзушылықтардың алдын алу және бизнес өкілдері мен азаматтардың қолданыстағы заңнама талаптарына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.

– Мұндай рейдтер құқықбұзушылықтардың алдын алуға және аудан тұрғындарының, ең алдымен балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға бағытталған. Біздің міндетіміз – заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету және қоғамда никотин құрамды өнімдердің заңсыз айналымына нөлдік төзімділікті қалыптастыру, - деді Байқоңыр ауданы әкімдігінің бас маманы Нұрислам Батырбек.

Рейд барысында аудан аумағындағы 20-дан астам сауда нысаны тексерілді.

Вейптер мен никотинді электронды тұтыну жүйелерін сату фактілері анықталған жоқ.

Барлық сауда орнында кәсіпкерлер мен қызметкерлерге аталған өнімдердің айналымына салынған тыйым және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілік шаралары туралы түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес, ел аумағында вейптерді, никотинді электронды тұтыну жүйелерін, сондай-ақ оларға арналған сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынған.

Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 301-1-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де шаралар қарастырылған.

Никотинсіз темекі өнімдерін (насвай), электронды тұтыну жүйелерін (вейптер), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуды болдырмау бағытындағы рейдтер тұрақты түрде өткізіліп келеді.

2025 жылдың басынан бері Байқоңыр ауданы полиция басқармасы 59 рейдтік іс-шара өткізді. Нәтижесінде никотинсіз темекі өнімдерін (насыбай) сату бойынша 63 факт анықталып, ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша 63 хаттама толтырылды.

Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3 096 450 теңгені құрады.

Аталған бағыттағы профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бұған дейін елордадағы қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне өрт қауіпсіздігі ережесі түсіндірілгенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар