Астанадағы гастроль Қазақстанмен мәдени алмасудың бастауы болады — Корей ұлттық балеті
АСТАНА. KAZINFORM — Корей ұлттық балеті Қазақстандағы алғашқы гастролі аясында елорда сахнасында «Корсар» балетін ұсынды. Екі сағатқа жуық спектакльде классикалық туындының корей хореографы Сон Чонбин қайта пайымдаған нұсқасы көрсетіледі.
Корей ұлттық балетінің көркемдік жетекшісі әрі бас директоры Ким Джувон гастрольдің мәні, корей балетінің ерекшелігі және екі ел арасындағы мәдени байланысты дамыту перспективалары туралы айтып берді.
— Астанадағы бұл гастроль Қазақстан мен Корея арасындағы классикалық балет саласындағы жемісті мәдени алмасудың бастауы болады деп үміттенемін, — деді Ким Джувон.
Ким Джувонның айтуынша, Корей ұлттық балетінің Қазақстандағы алғашқы гастроліне «Корсар» спектаклінің таңдалуы кездейсоқ емес. Қазіргі таңда бұл әлемдік классикалық репертуардағы көп қойыла бермейтін туындылардың бірі.
— «Корсар» — әлемдік классикалық репертуардың бір бөлігі болғанымен, қазіргі кезде жиі қойыла бермейтін шығарма. Біз түпнұсқадағы үш актілі балетті екі актілі қойылымға бейімдедік. Хореограф Сон Чонбиннің қайта пайымдауынан кейін спектакль құрылымы анағұрлым әсерлі әрі динамикалық сипат алды, көрерменге ұсынылатын сахналық элементтер де көбейді, — деді ол.
Көркемдік жетекшінің сөзінше, спектакльдің негізгі өзегінде достық, махаббат және адам болмысының мәнін түсінуге ұмтылу секілді тақырыптар жатыр. Бұл идеялар уақыт пен мәдени шекараға қарамастан кез келген көрерменге жақын.
Корей ұлттық балетінің тарихы 70 жылға жуық уақытты қамтиды. Осы кезеңде труппа еуропалық классикалық балет дәстүрлерін, әлемдегі жетекші балет мектептерінің әдістемесін және кең ауқымды репертуарды біртіндеп меңгерді. Ким Джувонның айтуынша, 1990-2000 жылдардағы даму кезеңдерінен өтіп, театр бүгінде корей әртістерінің физикалық ерекшелігі мен эмоционалдық болмысына үйлесетін өзіндік стилін қалыптастырған.
— Бүгінде театр өзіне тән рухани ерекшелікті көрсететін, корей мәдениетінің қайталанбас болмысын жеткізетін төл қойылымдар жасай алатын деңгейге жетті, — деді Ким Джувон.
Корей ұлттық балетінің көркемдік жетекшісі елдегі классикалық балеттің танымалдығына қатысты мәселе бүгінде өзекті емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, театр қойылымдары тұрақты түрде аншлагпен өтеді, ал залдардың орташа толымдылығы 99 пайыздан асады.
Корей балетінің халықаралық аренаға шығуына соңғы жылдары әлемдік деңгейде танылған «Корей толқыны» — халлю де жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. К-pop, кино және сериалдар арқылы корей мәдениетіне деген қызығушылықтың артуы ұлттық балеттің де шетелдік аудиторияға танылуына ықпал етуде.
— Біз алдағы уақытта да балет өнеріне үйрене отырып, ынтымақтастыққа үміттіміз. Қазақстан балеті қазақ халқының тамаша рухы мен жан дүниесін көрсетеді. Оның корей балетімен өзара байланысы одан әрі жалғасады деп сенемін, — деді Ким Джувон.
Айта кетейік, бұған дейін, Ким Джувон Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында сұхбат берген еді.