Астанадағы көлік кептелісі 10 балға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Толассыз жауған қардың кесірінен Астанадағы көлік кептелісі 1,5 сағаттың ішінде 9 балдан 10 балға өсті. 2GIS-тің сағат 18.00-дегі мәліметі бойынша қаланың негізгі көшелерінің бәрі «қызыл» түспен белгіленген.
2GIS мәліметі бойынша қаланың негізгі көшелерінің бәрі «қызыл» түспен белгіленген. Қалыпты күндері бұл көшелерде кептеліс таңғы және кешкі пик-сағаттарда тіркелетін.
Кептеліс әсіресе EXPO қалашығы мен «Астана Арена» кешенімен шектесіп жатқан көше қиылыстарында, «Ақорда» резиденциясы мен «Хазірет Сұлтан» мешітінің айналасындағы қиылыстарда қатты сезіліп тұр. Сондай-ақ, «Asia Park» сауда-ойын сауық орталығы мен Мәңгілік ел көшесінің Оң жағалауға ұласқан тұсында кептеліс «қоюланып» жатыр.
Әкімдіктің таңертең таратқан мәліметі бойынша, қарашаның 12-сінен 13і-не қараған түні коммуналдық қызметтер елордадан 28 мың текше метрден астам қар шығарған. Бүгін күндізгі ауысымда қала көшелерін қар мен мұздан 2,6 мыңға жуық жол жұмысшы мен 1,5 мыңға жуық арнайы техника тазартып жүр.
Жалы елордаға қар түсе бастағаннан бері қала сыртындағы полигондарға 154 мың текше метрден астам қар төгілген.
Бұған дейін Астана жолдарында 9 балдық көлік кептелісі тіркелгені туралы хабарлаған болатынбыз.