Астанадағы күрес түрлерінен әлем чемпионатында ел құрамасынан бүгін кімдер шығады

АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтетін әлем чемпионатында бүгін, 24 қазанда ел құрамасынан грек-рим күресінен қазақстандық 4 балуан бозкілемге шығады.

Астанадағы күрес түрлерінен әлем чемпионатында ел құрамасынан бүгін кімдер шығады
Фото: Қазақстан ҰОК

Әлемнің үздік балуандары бас қосатын дүбірлі дода елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде болады. Бұл – биыл Қазақстан қабылдайтын олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлемдік деңгейдегі ең ірі жарыстың бірі.

Әлемдік доданы грек-рим күресінің шеберлері бастайды.

24 қазан

55 келі. Исхар Курбаев - Кагетора Окамото (Жапония)
60 келі. Айдос Сұлтанғали жарысты бірден 1/8 финалдан бастайды. Қарсыласы іріктеу кезеңінен кейін анықталады.
77 келі. Мерей Мәулітқанов - Хён Чжин Кан (Оңтүстік Корея)
82 келі. Ибрагим Магомадов - Лука Дариоцци (Италия)
Белдесулер Астана уақытымен сағат 10:30-да басталады. Жартылай финалдық кездесулер 19:00-ге жоспарланған.

Айта кетейік, Астана 2019 жылы да күрестен әлем чемпионатын қабылдаған еді. Араға жеті жыл салып, әлемдік дода қайтадан елордаға оралып отыр. Бұл еліміздің ірі халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесін арттырып қана қоймай, отандық күрестің дамуына және жас спортшылардың осы спорт түріне қызығушылығын күшейтуге ықпал етеді.

Тоғыз күнге созылатын чемпионатқа әлемнің 135 елінен 900-ден астам балуан қатысады деп күтіліп отыр. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.