Астанадағы LRT-да бір тәуліктегі орташа жолаушы ағыны қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі іске қосылған сәттен бері оның қызметін 8 млн-нан астам жолаушы пайдаланды. Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында мәлім болды.
- Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 5 қазандағы № 01-2780 қаулысымен бекітілген LRT бағыты Астана қаласының халықаралық әуежайын «Нұрлы жол» теміржол вокзалымен байланыстырады. Желінің ұзындығы 22,4 шақырым, 18 станция қарастырылған, жылжымалы құрам 15 вагоннан тұрады. Бір рейстің толық айналым ұзақтығы – 95 минут. Қазіргі уақытта тәулігіне орташа жолаушылар ағыны шамамен 73 мың жолаушыны құрайды, - деді Астана қаласының Көлік және жол - көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мадияр Тұқпатов.
Оның айтуынша, іске қосылған сәттен бастап LRT арқылы 8 млн-нан астам жолаушы тасымалданды. Жыл аяғына дейін тасымалданған жолаушылар саны 10 млн-нан асуы мүмкін.
Еске салсақ, 16 мамырда Президент Astana LRT жұмысын іске қосты. https://kaz.inform.kz/news/prezident-astana-lrt-zhumisin-ske-kosti-279bb8ff
Айта кетейік, биыл жазда Астанадағы LRT-ге ресми түрде Tarlan Astana атауы берілді.
Астанадан Қосшыға дейінгі LRT желісінің құрылысы 2027 жылы аяқталмақ.