Астанадағы паралимпиадалық жаттығу орталығына бөлінетін қаржы көлемі қысқармақ

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда мәслихатының кезектен тыс отырысында паралимпиадалық жаттығу орталығы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Тарлан» мұз айдыны қызметін ұйымдастыру мәселесі қаралды.  

Қазақстан құрамасы отырып ойнау волейболынан Паралимпиаданы бесінші орынмен аяқтады
Фото: Мейіржан Амангелдиев

«Паралимпиада оқу орталығы мен мүгедек жандарға арналған «Тарлан» мұз айдынының қызметі бойынша мемлекеттік жеке меншік шарты бойынша қабылданған міндеттемелердің жалпы сомасын 52 млн 313 мың теңгеге азайту мәселесін қарауды ұсынамыз. «Тарлан» мұз айдыны орталығының қызметін ұйымдастыру серіктестік жобасы бойынша 2019-2028 жылдар аралығында мемлекеттік міндеттемелердің қаражаты 3 млрд 96 млн 659 мың теңгені құрайды. 2019-2023 жылдары 1 млрд 339 млн 278 мың теңге төленді. 2028 жылға дейінгі төленетін сома қалдығы 1 млрд 757 млн 381 мың теңге», - деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Исламбек Байманов.

Осылайша Астана қаласы бойынша тексеру комиссиясының 2023 жылғы 29 қарашадағы бұйрығына сәйкес, шарт сомасын 52 млн 313 мың теңгеге азайтуды сұрап отыр.

«Қысқартудың себебі 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 30 маусымына дейінгі кезеңде қаржы дұрыс есептелмеген. Сонымен қатар 2023-2024 жылдарға арналған жылдық есеп нәтижесінде үнемделген қаражатқа байланысты болды. Астана қаласының бюджеттік комиссиясы отырысының 2024 жылғы 4 маусымдағы №11 хаттамасымен бұрын қабылданған міндеттемелерді қысқартуды бекіту туралы шешім қабылданды. Міндеттемелердің түзетілген сомасы 3 млрд 44 млн 346 мың теңге», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар