Астанадағы самбодан әлем чемпионатына 85 ел қатысады

Самбо спорт
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 8-10 қарашада Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында жауынгерлік, спорттық және зағиптар арасында самбодан әлем чемпионаты өтеді. Осы іс-шараға 85 елден спортшылар қатысады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатыда мәлім болды.

«Әлем чемпионатына қатысуға 85 мемлекеттен 600-ден астам спортшы өтінім берді. Сонымен қатар, бұл елдерден 150-ге жуық бапкер келеді. Әлемге танымал спортшылар да шақырту алды, яғни Фёдор Емельяненко елордада қонағымыз болады», - деді Қазақстан самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов.

Жарыста ерлер спорттық самбодан 58,64,71,79,88,98,+98 келі салмақта, әйелдер 50,54,59,65,72,80+80 келі салмақта белдеседі. Ал жауынгерлік самбодан ерлер 58,64,71,79,88,98,+98 келі салмақ дәрежесінде, әйелдер 50,54,59,65,72,80+80 келі салмақ дәрежесінде бақтарын сынайды. Зағип жандар 3 салмақта, яғни 64,79,98 келі салмақ дәрежесінде күреседі. Жеңімпаздарға медаль, дипломдардан бөлек ақшалай сыйлықтар табысталады.

«Осы додаға 311 мың АҚШ доллары сомасында ақшалай сыйлық тігіледі. Бірінші орын алған спортшыларға 4 мың доллар, екінші орынға – 3 мың доллар, үшінші орын алған екі спортшыға 2 мың доллардан беріледі», - деді М. Бисекенов.

Ұлттық құрама команданың бас бапкері Біржан Имаханов чемпионатқа қатысатын спортшылардың дайындығы жоғары деңгейде екенін жеткізіп, бұндай жарыстарды елімізде өткізу үлкен мәртебе екенін айтты.

«Әлем чемпионатына қатысатын спортшылар 24 қазаннан бері елордада оқу-жаттығу жиынын бастап кетті. Қазақстаннан 28 спортшы ел намысын қорғайды. Жалпы, әлем чемпионатының Қазақстанда өтуі үлкен жауапкершілік және үлкен мәртебе. Онымен қоса, осындай чемпионаттар мемлекетіміздің туризм саласының дамуына оң әсерін береді деп ойлаймын. Самбошыларымыз додада қарсыластарымен тәжірбие алмасып, жаңа деңгейге бір саты өсетін болады», - деді Б. Имаханов.

Өз кезегінде Қазақстан самбо федерациясының бас хатшысы Ерназар Бексұлтанов федерацияда тіркелген 43 мыңға жуық спортшы бар екенін айтты.

«Біздің спортшылар алдағы әлем чемпионатында да еселерін жібермей, боз кілемде барын салып, алтын медальды қоржынға салады деген үміт бар. Федерация жыл сайын самбодан Қазақстан Республикасы чемпионатын өткізіп келеді. Келер жылы клубтық системаны дамытып, жастар, жасөспірімдер және кадеттер санын көбейту, кішкентай бүлдіршіндерді спортқа баулу жоспары бар», - деді Е. Бексұлтанов.

Еске салсақ, биыл маусым айында қазақстандық самбошылар Азия чемпионатында 15 алтын алды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram