Астанадағы тұрғын үй паркингтерінде техникалық қызмет көрсетуге тыйым салынды

баспана
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елорданың «Алматы» ауданындағы көпқабатты тұрғын үй тұрғындары паркингте екі бірдей техникалық қызмет көрсету станциясының болуына қарсылықтарын білдірді. Тұрғындардың айтуынша, оларға автотұрақ орындары көбірек қажет, оның үстіне тұрғындардан паркингті қайта жабдықтауға рұқсат сұралмаған. Осы орайда Kazinform агенттігінің тілшісі Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына сауал жолдап мәселенің мән жайын білген еді.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2-бабында паркингке түсініктеме берілген. Ол көппәтерлі тұрғын үйлердің астыңғы бөлігінде автокөліктерге арналған тұрақ. Сонымен қатар аталған заңның 40-бабында паркингтің немесе қойманың конструктивтік бөлігі мен функционалдық мақсатын өзгертуге тыйым салынған.

Көпқабатты тұрғын үйлердің, қолданыстағы ғимараттардың жекелеген бөліктерін реконструкциялауға арналған шешімді Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы қабылдайды.

Одан бөлек, ортақ мүлікті қайта жабдықтау және қайта жоспарлау жағдайында тұрғындардың үштен екісінің жазбаша келісімі талап етіледі.

«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің  Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы 2022 жылғы 21 ақпандағы № 55 бұйрығына сәйкес паркингтерде, жабық үлгідегі автотұрақтарда жобалау құжаттамасында көзделмеген өзге де функционалдық мақсаттарға жол берілмейді. Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үйді жобалау құжаттамасында көрсетілмеген жағдайда жертөлесін, шатырын, техникалық бөлмелері мен үй жайларды және желдеткіш камераларды мақсатқа сай емес пайдалану мен қолдануға тыйым салынады», — делінген басқарманың ресми жауабында.

Басқарма «Алматы» ауданындағы көпқабатты тұрғын үй тұрғындары паркингте 2 автокөліктерге техникалық қызмет көрсету станциясының жұмысына қатысты наразылығына деректер базасында қайта жабдықтауға рұқсат жоқ деп жауап берген.

«Басқарманың дерекқорында функционалдық мақсаты өзгерген «Алматы» ауданында көрсетілген мекен — жай бойынша үйді паркингті қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға рұқсат беру құжаттары көрсетілмейді», — деп хабарланған Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының ақпаратында.

Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 1 бабында нормалар мен талаптар (шарттардың, қағидалардың, шектеулер) бұзылған жағдайда жауапкершілік қарастырылған.

Ол дегеніміз өз бетінше құрылыс салуға, сондай-ақ ғимараттың сәулеттік келбетін өзгертуге, ғимараттарды, жекелеген үй-жайларды және ғимараттар мен тұрғын үйлерді қайта жоспарлауға (қайта жабдықтау, қайта бейіндеу) тыйым салынады.

Соңғы жаңалықтар