Астанадағы турнирде Беларусь хоккейшілері Ресей 25 құрамасынан басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Шайбалы хоккейден бүгін, 2 мамырда Астанада өтіп жатқан халықаралық Qazaqstan Hockey Open турнирінде Беларусь және Ресей 25 құрамалары кездесті.

Кездесу барысында Беларусь хоккейшілері бірінші кезеңде белсенділік танытты. Нәтижесінде олардың қатарынан Андрей Белевич 2-минутта есеп ашты. Екінші кезеңде де олар басымдықты арттыра түсті. Иван Дроздов 21-минутта мергендік танытса, Сергей Кузнецов 31-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ресейлік хоккейшілер үшінші кезеңде алғашқы минуттан тізгінді қолға алуға тырысты. Ойынның 43-минутында Владимир Грудинин қарсыластар қақпасын дәл көздеді.
Ал 54-минутта беларусьтік Александр Скоренов қайтадан есепті ұлғайтса, 58-минутта ресейлік Данил Аймурзин қорытынды есепті белгіледі. Осылайша Беларусь қарсыласын 4:2 есебімен жеңді.
Айта кетсек, Ресей 25 құрамасы бұдан бұрын Қазақстаннан 4:1 есебімен басым түскен еді.
Енді 3 мамырда Қазақстан және Беларусь құрамалары шеберлік байқасады. Бұл кездесу Қазақстан құрамасының 2025 жылғы әлем чемпионаты алдындағы дайындығы аясында өткізіліп жатыр.

Отандастарымыз В тобында ойнайды. Қарсыластары — Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Венгрия. Ойындар Данияның Хернинг қаласында болады.
Ал Швецияның Стокгольм қаласында болатын А тобында Канада, Швеция, Швейцария, Словакия, Латвия, Австрия, Франция және Словения шеберлік байқасады.