Астанадағы жалғыз минералогиялық мұражайда қандай сирек минералдар сақтаулы
АСТАНА. KAZINFORM – 2010 жылдан бастап Астанада минералдардың алуан түрлілігі бойынша Орталық Азиядағы ең үздік минералогиялық мұражай жұмыс істейді. Оның коллекциясында мыңнан астам экспонат бар.

Музейдің негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген геологы Олжабай Исмаилов салада жарты ғасырдан бері еңбек етіп келеді. Елдің минералды-шикізат базасын геологиялық зерттеуге және нығайту жолында жеке үлес қосудан қашқан емес.
Мұражай қазақстандықтарға, туристерге, шетелдік қонақтарға Қазақстанның жер асты байлығы туралы мол мағлұмат беру үшін құрылған.

«Мамандығым геолог және бар өмірімді осы салаға арнап келемін. Астанада минералогиялық мұражай ашуға бел буғаным да осы мамандыққа деген махаббаттың белгісі. Бұрын Алматыда минералдар мұражайы болған, қазір жоқ. Сондықтан балалар бізге келеді. Біздің мұражайдың мақсаты — еліміздің табиғи ресурстарын дәріптеу және балалардың бойындағы өз еліне деген сүйіспеншілік пен мақтанышты қалыптастыру. Себебі, бізде Менделеев кестесінің барлық дерлік элементтерін табуға болады», - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген геологы Олжабай Исмаилов.

Мұражай коллекциясында Қазақстан аумағында, сондай-ақ көршілес елдерде, әлемнің әр түкпірінде —Еуропа, Африка, Оңтүстік Америка, Австралияда жиналған экспонаттар ұсынылған. Коллекциялық үлгілердің бір бөлігін жергілікті геологтар тегін сыйға тартыпты.

Мұражай қоры үнемі жаңартылып, жаңа түсімдермен толықтырылып отырады. Соңғы жылдары коллекциялардың ғылыми, сонымен қатар эстетикалық құндылығына ерекше назар аударылып жатқанын атап өткен жөн.
