Астанадағы Жеңіс парады: Елорда тұрғындары мен қонақтарын не күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада өтетін ауқымды әскери парад қарсаңында Кazinform агенттігінің тілшісі еліміздің Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаевпен тілдескен еді. Ол Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа басшылық жасамақ. Генерал дайындық барысының егжей-тегжейімен бөлісіп, биылғы еліміздің басты әскери оқиғасы несімен таң қалдыратынын айтып берді.

Мереке Көшекбаев
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

- Биыл елордада Жеңіс мерейтойына орай ерекше парад өтпек. Қандай күштер жұмылдырылады? Қанша әскери қызметші, техника, авиация қатысады? Егер де бұған дейінгі парадпен салыстырсақ, қаншалықты ауқымды болмақ?

- Иә, шынымен де биыл Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған ерекше парад өтеді. Оған 4 мыңнан астам әскери қызметші, 200-ден астам жер үсті техникасы мен 66 ұшу аппараты қатысады. Бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда ауқымы айтарлықтай өсті деп нық сеніммен айтуға болады. Бұл датаның маңыздылығымен қатар Армиямыздың заманауи мүмкіндіктерді паш етуге дайын екендігін білдіреді.

- Барлық уақытта жаңа дүниелер жайында естіп-білу қызығушылық тудыратыны анық. Парад барысында отандастарымыз заманауи әскери техниканың қандай үлгілерін алғаш рет көреді? Қару-жарақ қатарына енді қосылғандары бар ма?

- Ел тұрғындары парад барысында соңғы жылдары қару-жарақ қатарын толықтырған әскери техниканың жаңа үлгілерін көреді. Олардың қатарында жаңартылған бронетранспортерлер, әуе қорғанысы жүйелері, барлау және соққы жасауға арналған ұшқышсыз кешендер бар. Осы машиналар мен жүйелердің кейбірі халыққа алғаш рет көрсетіледі.

- Парадта көрермендері таң қалдырарлықтай ерекше жайттар бола ма?

- Көрермендерді бірнеше ерекше элемент күтіп тұр. Мәселен, парадқа екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерінің бейнесін көз алдымызға әкелетін тарихи реконструкторлар қатысады. Сонымен қатар жасұландықтардың, кадеттіктер мен курсанттардың қатысуымен айрықша қойылым көрсетіледі. Бұл парадқа тек әскери реңк қана бермей, сонымен бірге эмоционалды, патриоттық сезім ұялатады.

- Әр кезде де авиация ерекше назар аудартатыны белгілі. Ұшқыштар қандай бағдарлама дайындап отыр? Күрделі элементтер бола ма?

- Әрине, авиация қатысатын бөлік барлық уақытта көрермендердің ерекше назарын аудартады. Топтық ұшу, ең жоғары ұшу өнері пішіндері бар бағдарлама әзірленген. Парадта алғаш рет осы жылы Қазақстанның Әскери-теңіз күштеріне бөліміне жеткізілген су жаңа Airbus А-400 әскери-көлік ұшағы қатысады. Сонымен қатар армиялық Ми-17, Ми-171Ш, Ми-35 және көліктік С-295, Ту-154М, Л-410 ұшақтары, Су-30СМ, Су-25 жойығыш ұшақтары, Л-39 оқу-жауынгерлік ұшағы экипаждары қатыспақ.

- Қазақстан 2019 жылдан бері Жеңіс парадын өткізген жоқ қой, дұрыс па?

- Дұрыс айтасыз, Қазақстандағы соңғы Жеңіс парады 2019 жылы ұйымдастырылған еді. Індет пен өзге де объективті себептер өз түзетулерін енгізді. Сондықтан да биыл парадтың қайта оралуы армия үшін де, қоғам үшін де ерекше маңызға ие деп ойлаймын.

- Сіз парадқа бірінші рет басшылық жасайсыз. Мұндай мәртебелі мүмкіндіктің сіз үшін мән-маңызы қандай? Қобалжу бар ма әлде керісінше ауқымды оқиғадан шабыттанып жүрсіз бе? Жорық басталып, лек алға қадам басқанда қандай сезімде боласыз?

- Мен үшін бұл - өте зор мәртебе. Иә, мұндай ауқымдағы парадқа бірінші рет басшылық жасаймын. Әрине, қобалжу бар, бәрі мінсіз өтуі тиіс. Бірақ, ең алдымен Армиямызға, елімізге деген мақтаныш сезімі кеудемді кернейді. Жорық басталып, коллона жылжи бастағанда – дәл осы сәтте ұрпақтар сабақтастығы қаншалықты мықты екенін, тарих алдындағы жауапкершіліктің қаншалықты жоғары екендігін сезінесің.

- Ал әскери қызметшілер парадқа қатысуларын қалай қабылдап жатыр? Олар үшін бұл ауыр жұмыс па әлде қалай дегенде де зор мәртебе мен мақтаныш па?

- Әскери қызметшілер үшін парадқа қатысу – мәртебелі жетістік. Әрине, дайындық тәртіпті, күш-жігерді, саптық дағдыны талап етеді. Дегенмен, олардың әрқайсысы сол бір сәттің мән-маңызын түсінеді. Парадқа қатысу үлгілі қызметі үшін награда ретінде қабылданады.

- Өңірлерден парадқа қатысу үшін қанша әскери қызметші келді? Олардың далалық лагердегі тұрмыс-тіршілігі қалай ұйымдастырылды?

- Техника мен жеке құрам дайындық ауданына ертерек келіп орналасты. Өңірлерден 2 мыңнан астам әскери қызметші келді. Олар үшін қолайлы жағдай жасалған далалық лагерь құрылды. Тамақтану, медициналық көмек алу, демалыс пен тұрмыстық қажеттілік орындары ұйымдастырылды.

- Әскердің жауынгерлік дайындығын төмендетпестен мұндай ауқымдағы парадты қалай ұйымдастыра алдыңыздар?

- Парад әскердің жауынгерлік дайындығына кедергі келтірмейтіндей ұйымдастырылды. Оған нақты жоспарлау, жеке құрамды кезең-кезеңмен жұмылдыру, сонымен қатар тұрақты орналасқан орындарында жауынгерлік дайындықты да жүргізе отырып жүзеге асырылды?

- Парадты қамтамасыз етуге қандай қызметтер көмек көрсетеді?

Парадты қамтамасыз етуге логистикалық, медициналық және тыл бөлімшелері қатысады. Бұл – бүтіндей бір үйлестіру тобының жұмысы. Олар техниканы тасымалдаудан бастап, тамақтану мен қауіпсіздікке дейін қамтамасыз етеді.

- Дайындық қалай жүргізілгенін айтып берсеңіз: әскери қызметшілер күніне қанша сағат уақыттарын саптық жаттығуларға арнады, кемшіліктерді қалай түзетіп, парад легінің мінсіз қозғалысына қол жеткізе алды?

- Дайындық күнделікті жүргізілді. Саптық жаттығулар күніне 6 сағатқа дейін созылды. Оның ішінде жергіліктің жерлерде жаттығу, күрделі іс-қимылдарды пысықтау бар. Барлық ескертпелер бірден қаперге алынып, кемшіліктерді тыңғылықты түрде түзету жүргізілді. Дайындық процесі барысында қозғалыстың біркелкілігіне, үйлесімділігі мен тәртіпке ерекше назар аударылды.

Басты дайындық 3-4 мамыр күндері «Қазақ елі» алаңында өтті. Бұл салтанатты іс-шара алдындағы дайындықтың соңғы кезеңі болатын.

- Армия осы парад арқылы қоғамға қандай идеяны жеткізгісі келеді?

- Біз осы парад арқылы аталарымыздың ерлігін, ұрпақ сабақтастығын және Армиямыздың елімізді қорғауға дайын екендігін қоғам санасына тағы да бір рет сіңіргіміз келеді. Бұл – күш-қуатты, тәртіп пен бірлікті паш ету.

- Әскери қызметшілерде парадқа дайындалудың қандай да бір дәстүрі бар ма? Мүмкін бәрі сәтті өтуі үшін жоралғылары немесе ырымдары бар шығар...

- Әрине, әр әскери бөлімшенің жария емес дәстүрлері бар. Мәселен, көптеген әскери қызметші парадқа шығар алдында сәттілік үшін жеке кәдесыйларын алып шықса, кейбір бөлімшелер символдық «жауынгерлік жоралғыларын» сақтайды. Бұл – әскери қызметті тірі әрі жанды ететін армиялық мәдениеттің бір бөлігі.

Айта кетсек, парадқа байланысты бірқатар көшеде уақытша шектеулер енгізіліп, автобус бағыттары өзгереді, кейбір жаяу жүргіншілер өткелдері жабылады.

Мерейтой аясындағы шеру республикалық телеарналардан, еліміздің барлық қаласында LED-экрандардан, Қорғаныс министрлігінің ресми YouTube-арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ Jibek Joly телеарнасынан тікелей эфирде және Kazinform сайтынан тамашалауға болады.

Соңғы жаңалықтар