Астанадағы 10 мұнаралық кран қауіпті деп танылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қараусыз тұрған мұнаралық крандарды тексеру жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрылысы тоқтап қалған нысандардың барлығын тексеру туралы тапсырманы Астана әкімі Әсет Исекешев тапсырған еді.
Қазіргі уақытта құрылысы тоқтап тұрған 32 нысанның 54 мұнаралық краны тексерілді. Сарапшылардың айтуынша, олардың арасында 10 мұнаралық кран қауіпті деп танылды. Осыған байланысты бес құрылыс нысанында - «Абат» ТК, «Отель апартамент», «Шоқжұлдыз» ТК, «Пана» және «Ескендір» ТК мұнаралық крандар алынып тасталды.
Одан бөлек, 3 құрылыс нысанында - «Ақмола құрылыс» ЖШС, «Алтын XXI» ЖШС және «Атлант инжиниринг» - 1 ЖШС орналасқан 5 мұнаралық кранның қожайындары крандарды демонтаждауға әзір.
Астананың 7 құрылыс нысанында жұмыстар жалғасты және жақын арада 15 мұнаралық кран қолдану талаптарына сәйкес күйге келтіріледі.