Астанадағы аграрлық университетінің жатақханалары жоғары жылдамдықты интернетке қосылды

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетінің жатақханалары жоғары жылдамдықты интернетке қосылды.

Астанадағы аграрлық университетінің жатақханалары  жоғары жылдамдықты интернетке қосылды

ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, студенттердің білім алуында заманауи технология басты рөл ойнауы қажет. Сондықтан білім ордасы  «Астанателеком» ҚТО-мен бірлесіп, осы жобаны орындап шықты.

«Астанателеком» ҚТО ҚазАТУ-дың төрт жатақханасы мен екі оқу корпусын жылдамдығы 50 Мбит/с-тық интернетке қосып берді. Сонымен қатар, iD TV және iD Phone қызметінің 500 нүктесі қосылды.

«Білім беру саласында инновациялық технологияларды енгізу жаңа мүмкіндіктер туғызып, отандық білім сапасын жақсартатынына сенімдімін», - деп атап өтті «Астанателеком» ҚТО бас директоры Ермек Қуанышбеков.

Қуанышбековтың сөзіне қарағанда, жобаның жалпы құны 49 млн теңгені құрайды, оның 50%-ын «Қазақтелеком», 50%-ын ҚазАТУ бөлген.

Айта кетейік, елімізде мұндай жоба тұңғыш рет «Астанателекомның» іске асыруымен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2010 жылы жасалған болатын.