Астанадағы Аграрлық университетте студенттер үшін сауықтыру кешені бар медициналық орталық ашылды
АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде студенттерге арналған сауықтыру кешені бар медициналық орталық ашылды.
Орталықты салтанатты жағдайда оқу орнының ректоры Айтбай Бұлашев пен Астана қаласы әкімдігі Ішкі ісаясат басқармасының бастығы Болат Тілепов ашты.
А.Бұлашев атап көрсеткендей, сауықтыру кешені бар медициналық орталықты ашу идеясы осыдан екі-үш жыл бұрын туындаған. Бірақ оны жүзеге асыру ешкімді айналып өтпеген әлемдік қаржы дағдарысының салқыны қайтқаннан кейін мүмкін болды. «Ондағы басты мақсат - өткір және созылмалы аурулармен ауыратын, иммундық жүйесі нашар студенттердің денсаулығын нығайту болып табылады. Университет студенттер мен қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға қашан да үлкен көңіл бөледі. Мысал үшін ЖОО негізінде 16 спорт секциясы жұмыс істейді. Бірқатар спорт түрлері бойынша студенттеріміз республикалық қана емес, әлемдік деңгейдегі жеңістерге қол жеткізіп отыр», - деді ол.
Медициналық орталық студенттік қалашық аумағында орналасқан. Қабылдауды терапевт, физиотерапевт және УЗИ диагностикаларын жасайтын дәрігерлер жүргізеді. Онда ЭКГ мен УЗИ диагностикаларын, массаж және егу ем-домдарын жасайтын кабинеттер бар.
Орталық дәрігерлері студенттің денсаулығынан кінарат тапқан бойда, немесе ол созылмалы ауру түрі бойынша есепте тұрса, оны жолдамамен осы қалашықта орналасқан сауықтыру кешеніне емделуге жібереді. Сауықтыру кешені де заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда, Ультра жоғары жиілікті терапия құралы, «Искра» дорсонвализация аппараты, лазерлік терапияға арналған құрал, портативті ингалятор, магниотерапияға арналған МАГ-3 және Ультра күлгін сәулемен емдеу аппараттары бар. Оларды сатып алуға университет бюджетінен 10 млн. теңге қаржы жұмсалған. Кешеннің жеке тренажерлік залы мен асханасы бар. Студенттерге ем-дом толығымен ақысыз негізде жүргізіледі. Кешен амбулаторлық болғандықтан онда 20 жатын орын бар. Студенттердің тек тамақтануына ЖОО он күндік емдік курста 15 мың теңге жұмсамақ. Бір жылда мұнда кем дегенде 500 студентке ем көрсету көзделіп отыр.
Университет басшылығының айтуынша, өзінің сауықтыру кешені бар мұндай медициналық орталық Астананың ЖОО-лары жанынан алғаш ашылып отыр. Оның баламасы болмағандықтан, медициналық орталықты жұмыс істеу барысында жетілдіріліп, қажетті қосымша медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып отырады. ЖОО ректоры, Сауықтыру кешенінің ауқымы келешекте кеңейтілуі мүмкіндігін де жоққа шығармады.