Астанадағы Аграрлық университетте жаңа тағайындаулар жасалды

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ректор орынбасарларының лауазымдық міндеттеріне өзгерістер енгізіліп, жаңа тағайындаулар жасалды.

Астанадағы Аграрлық университетте жаңа тағайындаулар жасалды

Басқару тиімділігін арттыру мақсатында және университеттің ғылыми кеңесінің 2012 жылғы 17 қаңтардағы шешіміне сәйкес, Басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары қызметі - Басқарма төрағасының ғылым, халықаралық байланыстар және инвестициялар жөніндегі орынбасары етіп өзгертіліп, лауазымға Лаура Үмітбекқызы Садықова тағайындалды.

Л.Садықова ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Соңғы жұмыс орны - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгроИнновация» АҚ-ның бірінші вице-президенті (2009 жылдың сәуір айынан 2011 жылдың мамыр айы аралығында). 

Сондай-ақ, 17 қаңтарда өткен Ғылыми кеңестің отырысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2009 жылдың 13 шілдесіндегі № 338-інші бұйрығына сәйкес, тәрбие жұмысы жөніндегі жеке проректор лауазымын енгізу және тәрбие жұмысы жөніндегі арнайы департамент құру ұсынылды.

Соған орай, бұған дейін Александр Викторович Майер атқарып келген Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымының атауы мен міндеттер өзгертілді. Жаңадан енгізілген - Басқарма төрағасының инфрақұрылымды дамыту жөніндегі орынбасары қызметін А.Майердің өзі атқаратын болып шешілсе, екінші жаңа қызметке - Басқарма төрағасының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлығына тағайындау әзірше жасалған жоқ.

Сонымен қатар, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры қызметіне техника ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Бағашарұлы Мәсенов тағайындалды. Қ. Мәсенов бұған дейін университеттің агрономия факультеті экология және орман шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі болды.