Астанадағы әкелер балаларына 400 миллион теңге қарыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша жеті мыңнан астам баланың әкесі 400 млн теңге көлемінде алимент төлемей жүр. Бұл туралы бүгін қалалық прокуратурада өткен жиыннан соң журналистердің сұрағына жауап бере отырып Астана қалалық прокуратурасының төртінші басқарма прокуроры Серік Ізтілеуов мәлім етті.

Астанадағы әкелер балаларына 400 миллион теңге қарыз

«Бүгін өздеріңіз көргендей, Астана қаласының покуратурасында алимент берешегін азайту жобасы талқыланды. Бұл жобаның басты мақсаты - алимент берешегін төлемей жүрген борышкерлерді жұмыспен қамтамасыз ету. Сол арқылы, алимент ала алмай жүрген жасөспірімдерге ақшасын алып беру. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша жеті мыңнан аса жасөспірім алимент ала алмай жүр. Жалпы қарыз - 400 млн теңгеге жетті. Сондықтан, бүгінгі мақсатымыз - Астана қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы арқылы, Астанадағы бизнес өкілдерімен, құрылыс компанияларымен ынтымақтастық орната отырып борышы бар әкелерді жұмыспен қамту жобасын  бастадық», - дейді С.Ізтілеуов.

Жалпы, прокурордың айтуынша, Астана қаласы бойынша он тоғыз мың адам алимент төлеуге міндеттелген.

«Алимент алуы тиісті балалар саны жиырма тоғыз мың жеткіншек. Жоғарыда айтқан 19 мың әкенің екі мыңға жуығы жұмыссыз ретінде тіркелген. Тиісінше, олар алимент төлей алмайды. Бірақ, прокуратура бұндай әкелерді жазалаудан гөрі, алдын алу шараларын қолдану дұрыс деп тапты. Сондықтан, «Алимент берешегін азайту» жобасын қолға алды. Жобаның мәні неде? Жоба аясында прокуратура жоғарыда айтқан жұмысы жоқ екі мың азаматты мамандықтары, дағдылары бойынша категорияларға бөліп, алғашқы бес жүз адамды құрылыс компаниялары мен электр маманы, сантехник сияқты мамандар іздеген компанияларға ұсынды. «Naimi.kz» интернет сайтымен ынтымақтастық орнатып, алимент бойынша қарызы қалыптасқан адамдарды сайтқа тегін тіркеу туралы келістік. Бұл сайтқа күніне екі жүзге жуық адам тіркеледі екен. Сондай-ақ, Фейсбук әлеуметтік желісінде «Еңбек-Алимент» парақшасын тіркедік. Бұл парақшаға борышкерлер өз резюмелерін орналастыра алады», - дейді С.Ізтілеуов.