Астанадағы «ақылды» аялдамаларда кондиционерлер неге істемейді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда әкімдігі аптап ыстық кезінде «ақылды» аялдамалардағы салқындатқыш желілерінің не үшін жұмыс істемей тұрғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде елордада 164 «ақылды» аялдама бар. Олардың қызметіне аудан әкімдіктері мен мердігер компаниялар жауапты. Аудан әкімдіктері ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта «ақылды» аялмадалардағы конционерлер жүйесін сұйықтықпен қамту жұмысы жүріп жатыр», - делінген қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының «ҚазАқпараттың» ресми сауалына берген жауабында.

Сондай-ақ, автобустардағы салқындатқыштар жұмысының бақылауда екенін мәлім етті.

«Көлікті бақылау департаментінің қызметкерлері елорданың қоғамдық көліктеріндегі кондиционер жүйелерінің жұмыс істеуі барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді», - дейді басқармадан.

Еске салайық, осыдан біраз күн бұрын «ҚазАқпарат» тілшілері елордадағы «ақылды» аялдамалардың жай-күйін шолып шыққан еді. Қала бойынша 10 «ақылды» аялдамадағы жағдайды бақылап көрдік. Оның біреуінде ғана ауа баптағыш жұмыс істеп тұр. Бұл аялдама Республика даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылысында орналасқан. Ішінде шағын маркет бар, бірақ жолаушыларға орын аз, яғни аялдама тар. Сол себепті, жолаушылардың көбі автобусты сыртта күтеді.


