Астанадағы «Алау» мұз сарайында балалар спортын дамыту бөлімі ашылды
АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астанадағы «Алау» мұз сарайында балалар спортын дамыту бөлімі ашылды.
Бұл туралы Мұз сарайының баспасөз қызметінен хабарлады.
Бөлімді құрметті спорт қайраткері, жоғары санаттағы төреші Роман Бекер басқарды. Целиноград қаласында конькимен мәнерлеп сырғанау 1969 жылы дами бастады. Мәнерлеп сырғанаудан қаладағы бірінші жаттықтырушы нақ осы Р.Бекер болды.
Оның айтуынша, жаңа бөлімнің бастапқы мақсаты - балаларды спортпен жүйелі түрде шұғылдануға тарту.
Балалар секцияларында жаттығулар жаңа мұз алаңында Азия ойындары аяқталысымен өткізіле бастады. Хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүгіру спорты бойынша сабақтарды қысқы спорт түрлерін дамытуға маманданған №2-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары жүргізеді. Бүгін олардың саны- 10. Онымен қоса, «Алауда» қыздарға арналған шайбалы хоккей мен допды хоккей секциялары ашылды.
Бүгінде «Алау» мұз сарайында конькимен жүгіру және шорт-трек бойынша ұлттық және облыстық командалардың жиындары жиі өтіп тұрады. Балалар кәсіби спортшылармен бірге бір алаңда сырғанайтын болады. Жаттықтырушылар секцияларға балаларды іріктеу арқылы қабылдайды. Топтарға балалардың қажетті саны жинақталып қойғанымен, Р.Бекер тұрғындарды үстіміздегі жылдың желтоқсанында «Алауда» өтетін бұқаралық сырғанауларға қатысып, бақтарын сынауға шақырды. Айта кетейік, балаларға арналған топтардағы жаттықтырулар - тегін.