«Астанадағы әлемдік пікірталас алаңы Давос деңгейіне жетті»-республикалық басылымдарға шолу

***
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары кеше одан әрі жалғасты. Ежелден еліміздің индустриялық орталығы болып келе жатқан бұл өңір қазір де өнеркісіп саласының көшбасшысы саналады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газтінің бейсенбілік нөмірінде «Өрісі кеңейген өндірісті өңір» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Н.Назарбаевтың Қарағандыда атбасын тіреген екінші нысаны облыстық қан құю орталығы болды. Аумағы 12 993 шаршы метр болатын бұл ғимарат көлемі 1,6 гектар жерді алып жатыр. 2008 жылы басталған оның құрылысы жақында ғана аяқталыпты. Орталық жылына 20 мың литр қан сақтай алады», - деп жазады басылым.
«Кеше Байланыс және ақпарат министрлігінде министр Асқар Жұмағалиев халыққа қызмет көрсету орталықтары басшыларымен жиналыс өткізді. Басқосуда көтерілген басты мәселенің бірі биылғы жылдың наурыз айында Байланыс және ақпарат министрлігінің қарамағына берілген ХҚКО-лардың жұмысын жаңғырту және жетілдіру болды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Халыққа қызмет көрсетуде олқылықтар көп» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, қазіргі күні азаматтардың ХҚКО қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасына және қызметті ұсынушы мемлекеттік органдардың жұмысына көңілдері толмайды. Өйткені, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы тосқауылдар мен сыбайлас жемқорлық түпкілікті жойылмай отыр.
***
«Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессор-оқытушылары мен студент-жастары IV Астаналық экономикалық форум аясындағы «Іскерлік көпір - жастар үшін инновациялық болашақ» атты халықаралық конференцияға қатысып, Нобель сыйлығының 4 бірдей лауреатының дәрісіне құлақ түрді», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, атақтары жер жарып тұрған ғалымдардың дәрісін ЕҰУ ұжымымен бірге еліміздің 16 университеті тікелей эфир арқылы тыңдаған. Дәріс оқығандардың қатарында экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары, Джон Нэш, Сэр Джеймс Миррлис Роберт Ауманн және химия саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Роджер Корнберг болды.
Әлемге әйгілі АҚШ пен мұқым Еуропаның ішкенін ірің, жегенін желім қылған, он жыл бойы қорқыныш пен үрейде ұстаған Батыс «қаба сақал құбыжық» атаған Усама бен Ладен дүниеден өтті. Дұрысы өткен жоқ, АҚШ арнаулы бөлімдері көзін жойды. Осыған орай «Айқын» газетінде «Ладен салған лаң шындыққа қаншалықты сай?» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Әл-Кайда» серкесін жоюға АҚШ-тың «теңіз мысығы» деп аталатын арнаулы жасағының 40 сарбазы қатысқан. Әлемдегі бас Лаңкес жасырынған үйге олар төрт тік ұшақпен жеткізілген. Операция 40 минутқа созылған. Өліспей беріспеуге тырысқан бен Ладенді мергендердің бірі басынан атып өлтірген», деп жазады басылым.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі «Нефть» ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры Нәдір Нәдіровпен арадағы сұхбат «Біз әлі де болса ғылымға жеткілікті дәрежеде көңіл бөле алмай отырмыз» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұшымды жауап берген ол: «Бізде үлкенді-кішілі мінберлерден жақсы бастамалар, үздік ұсыныстар, озық ойлар айтылып жатады. Бірақ, өкінішке қарай, көп жағдайда айтылған сөз айтылған жерде қалып қояды. Менің айтарым, айтылған сөз бен атқарылған іс сәйкестеніп жатса екен», - дейді.
«Астанадағы әлемдік пікірталас алаңы Давос деңгейіне жетті». «Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санында осы тақырыппен жарияланған мақала кеше аяқталған IV Астаналық экономикалық форумына арналған. «Жаһандық экономика проблемасы ғана емес, қауіпсіздік, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мен «жасыл өсім» мәселесі, экологиялық һәм орнықты даму бағыты, қаржылық тұрақтылық жүйесі, өңірлік ықпалдастық шаралары талқыланған сессиялар барысында тың ұсыныстар дүниеге келді. Ондай ұсыныстар негізінде алпауыт ұйымдарға жаһандық қатермен бірлесіп күресу туралы үндеулер жасалды. Қысқасы, Астана экономикалық форумы әлемдік масштабтағы маңызды оқиға екендігін тағы да дәлелдеп, Давос форумы деңгейіне көтерілген сыңайлы», - деп жазады басылым.
***
«IV Астаналық экономикалық форумы жұмысы аясында кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі және аталған елдің Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Юкио Хатоямамен кездесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Мәжіліс Төрағасы сөз басында биылғы көктемде болған зілзаланың қасіретін шеккен Жапония халқына көңіл айтты. Өз кезегінде Юкио Хатояма Қазақстан халқы Семей сынақ аймағында болған ядролық жарылыстардың зардаптарын шеккенін жан-жүрегімен түсінетінін жеткізді. Сондықтан табиғат апатына ұшыраған жапон халқының жағдайына ерекше назар аударған қазақстандықтарға көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.