Астанадағы әлеуметтік және өндірістік нысандардағы құрылыс қарқыны жаман емес - Үкімет басшысы

   АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат - Астанадағы әлеуметтік және өндірістік нысандардағы құрылыс қарқыны жаман емес.
None
None

Бұл туралы бүгін Астана әкімдігінде өткен қаланы дамыту жөніндегі кеңесте Премьер-Министр Серік Ахметов мәлім етті.

«Бүгін біз Астананың бірқатар әлеуметтік және өндірістік құрылыс нысандарын аралап шықтық. Құрылыс қарқыны жаман емес. Өздеріңізге мәлім елорданың дамуы аясындағы әрбір ғимараттың құрылыс сапасы Мемлекет басшысының ерекше назарында. Осы ағымдағы жылдың 11 сәуірінде Елбасы Астананың дамуы бойынша кеңес өткізіп, Үкіметке және қала әкімдігіне нақты тапсырмалар берді»,-деп атап өтті. С. Ахметов.

Атап айтқанда, бүгін Үкімет басшысы мен елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов Классикалық опера және балет театрының құрылыс нысанында болды. Бұл нысандағы құрылыс жұмыстары 2010 жылы наурызда басталған еді. Тұран даңғылының бойындағы осы жаңа ғимараттың аумағы 8,51 гектарды қамтып жатыр. Онда 1250 адамға арналған көрермен залы мен 250 орындық камералық музыка залы орналасады. Театрға келген  көрермендер үшін 326 орындық жерүсті автотұрағы мен 92 орындық жерасты паркингі жобада қарастырылған.

Бұдан бөлек, С. Ахметов Фотоэлектр модульдерін құрастыру зауытының құрылысы барысымен танысты. Зауыттың жалпы ауданы 10,6 шаршы метрлік үш қабатты ғимаратта орналасқан. Іске қосылған соң ол жылына 217 мың фотоэлектр модульдерін өндіріп, оның қуаттылығы 50 МВт болады деп күтілуде. Белгілі болғандай, оны 100 МВт-ға дейін жеткізу мүмкіндігі бар көрінеді. Нысан 2012 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілмек. Жобаның мақсаты - елімізде күн энергетика технологиясын дамыту және қалпына келтірілетін энергия көздерін шығару бойынша өндіріс жолын құру.

Сонымен қатар, Үкімет басшы мен қала әкімі «Мыңжылдық» аллеясында болды. Жоба аясында игерілетін аумақтың 805 гектарының 441 гектары инвесторларға, 363 гектары мемлекетке беріледі. Жобаны жүзеге асыру үшін 119,9 миллиард теңге мемлекеттік инвестиция бөлу қажеттілік етеді. Ал құрылыс және осы бағыттағы жұмыстарға жеке инвестициялар көлемі 939 миллард теңгені қамтымақ.  Жоба бойынша 105,8 мың адамға арналған 3,5 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 32 мың пәтер салу қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар