Астанадағы Алматы ауданының көшелеріне жаңа ағаштар отырғызылды

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Жыл сайынғы дәстүр бойынша елордада 2013 жылдың 10 сәуірінен 10 мамырына дейін «экологиялық айлық» жарияланды.

Астанадағы Алматы ауданының көшелеріне жаңа ағаштар отырғызылды

Алматы ауданы осы кезеңде жоспарланған іс-шараларға қазірдің өзінде кірісіп кетті. Бұл туралы astana.kz сайты хабарлайды.

Әкімдік «экологиялық айлық» аясында 2000-нан аса ағаш, 1500 тамыр өсінділерін отырғызуды мақсат тұтқан.

Әкімдікте атап көрсеткендей, қыстан кейін тамыры суалған ағаштарды кесіп, Абылайхан даңғылының бойында орамішілік аумақтарға жаңа ағаштар отырғызылмақ.

«Экологиялық айлық» барысында 101 мекен-жай бойынша контейнерлік алаңдарды жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Бұл жұмыс 31 наурызда басталған болатын.

Алматы ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімінің ақпараты бойынша, қазірдің өзінде Т.Хусейн 4/6, Тәшенов 2/3, Ғабдуллин 10/3, Торайғыров 3, Баянауыл 3, Сейфуллин 44, 48/6, 61/1, Бейсекбаев 10/1, Брусиловский 26, Жұбанов 13/2, 17/3, 31/1,Циолковский 1, Иманбаева 5, Аймауытов 12/1 және 3/3 мекен-жайларындағы контейнер алаңдары жөндеуден өткізілді.

Сондай-ақ, жоспарланған іс-шаралар аясында ауданның саябақтары мен гүлзарларында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар ақталады, қоршаулар мен тіреуіштер жаңартылады. Сонымен қатар көпірлер жөнделіп, Ақбұлақ және Есіл өзендерінің арналары тазаланады.