Астанадағы апатты үй тұрғындары 5-6 жылда түгел көшіріледі – Жеңіс Қасымбек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астананың бюджетін ұлғайту бірінші кезектегі міндеттерді шешу үшін жүргізіліп жатыр. Бұл туралы VIII шақырылған астана мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек хабарлады.

Астанадағы апатты үй тұрғындары 5-6 жылда түгел көшіріледі – Жеңіс Қасымбек
Фото:RMNT.RU

Бүгін қалалық мәслихатта Астана қаласының 2023-2025 жылдарға бюджетін нақтылау мәселелері бойынша кезектен тыс сессия өтті.

«Сіздерден осы бюджетті жедел қабылдауды сұрауға мәжбүрміз. Сайлау кезеңі екі апта бұрын аяқталды, бірақ қаланың қажеттіліктерін кейінге қалдыруға болмайды. Сондықтан біз ұсынатын нұсқаны қолдауыңызды сұраймыз. Мұны комиссиямен, мәслихат басшысымен (Ерлан Қаналимов – ред.), бюджеттік комиссия басшысымен талқыладық, қосымша қарастырған сұрақтар бар. Бұл әсіресе аулаларды жөндеуге қатысты, пандустар туралы айттық. Президенттің арнайы тапсырмалары бар, жыл басында ол қаланы абаттандыру мен көгалдандыруды тапсырды. Біз биыл көгалдандыруға арналған бюджетті 2 есе арттырып жатырмыз. Өткен жылы абаттандыру мен көгалдандыруға 17 миллиард теңге бөлінсе, биыл шамамен 32-33 миллиард теңге болады», – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, биыл қалада жарты миллион ағаш егу жоспарлануда. Бизнес те елорданы абаттандыруға белсенді қатысады деп күтілуде.

«Енгізілген түзетулерге сәйкес, елорданың 2023 жылға арналған бюджеті 71,5 миллиард теңгеге – жергілікті кірістер есебінен 640 миллиардқа дейін өседі. Жыл басында Мемлекет басшысы кеңес өткізді, елордаға республикалық бюджеттен 235 миллиард 700 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат бірінші кезектегі қажеттіліктерге жұмсалады. Биыл газ-жылу станциялары, ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі бойынша мәселе толық шешіледі, қаланы сумен жабдықтау, оның ішінде Астанадан тыс жерлерде жаңа су көздерін игеру мәселелері қолға алынбақ», - деді әкім.

Сондай-ақ, Астана әкімі алюкобонд пен керамограниттен жасалған қасбеттердің қаптамасын ауыстыру жұмыстары басталатынын айтты.

Биыл мұндай жұмыстар «Семь бочек» тұрғын үй кешенінде жүргізіледі. Бұл ретте шығындарды «Азия-Парк» сауда орталығымен екіге бөлу жоспарлануда. Жалпы, әкімдік мәслихатқа сәуір айының соңына дейін жаңарту бағдарламасын әзірлеп ұсынады. Жоба ретінде 2030 жылға дейін апатты жағдайдағы 4,5 мыңға жуық пәтерді бұзу көзделіп отыр. Биыл осындай үй тұрғындарына 300-400 пәтер беріледі. Алдағы уақытта жыл сайын 700-ге жуық пәтер беріледі. Жалпы, елордада 206 апатты үй тұрғындарын 5-6 жыл ішінде қоныстандыру міндеті тұр», - деді Жеңіс Қасымбек.

Талқылаудан кейін депутаттар елорда бюджетіне әкімдік ұсынған түзетулерді мақұлдады.