Астанадағы әскери парадта соғыс техникалары тарихи және заманауи үлгіде көрсетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Отан қорғаушы күні және Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік әскери парадта соғыс техникалары тарихи және заманауи үлгіде көрсетілді.

Астанадағы әскери парадта соғыс техникалары тарихи және заманауи үлгіде көрсетілді

Парадқа қатысу үшін соғыс кезінде пайдаланылған 40-қа жуық қару-жарақ, әскери және авиациялық техникалар жөндеуден өткізілген. Әскери парадтың тарихи бөлімінде Ұлы Отан соғысы жылдарында қолданылған техниканың 36 түрі іске қосылған. Олардың ішінде, 27 әскери техника мен қару-жарақ (Т-34 танкі, ЗИС-2 зеңбірегі және М-30 гаубицалы ЗиЛ-157, танымал БМ-13 РС-30 «Катюшасы» және «Максим» пулеметі), сондай-ақ, 9 ұшу құралдары (АН-2 және ТL-2000) бар.

Парадқа қатысқан әскери техникалардың көшін Т-34 танкі, ЗиЛ-157 сүйреткен ЗИС-2 зеңбіректері және М-30 гаубицалары, аты аңызға айналған БИ13 РС-30 «Катюша» техникалары бастады. Сонымен қатар, «Максим» пулеметі, РПД (Дегтяреа қол пулеметі), ППШ (Шпагин тапанша-пулеметі) парад тізбегін жалғастырды.

«Парадқа қатысқан қазіргі техникаларға тоқталсақ, заманауи техникалар шеруін басқарылатын қарумен жарақтандырылған Т-72Б танкі бастады. Бұдан өзге, алаңда танктерді қолдау жауынгерлік машиналары, соңғы жылдары қазақстандық армияның сапына қосылған жауынгерлік машиналар, «Солнцепек» жаяу әскер жауынгерлік машиналары, БТР-82 бронетранспортерлері, Д-30, «МСТА» гаубицалары, КамАЗ, автокөліктері «Тигр» броньды көліктері, «Корба» жауынгерлік барлау көліктері және басқа да заманауи әскери техникалар жүріп өтті.

Бүгінгі Отан қорғаушы күні және Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік әскери парад - еліміздің Қарулы Күштері тарихындағы елеулі оқиға болғаны анық. Бұл қазақстандық әскери күштердің барлық түрі қатысқан және ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған аса ірі мерейтойлық шара екені даусыз.