Астанадағы «Астана-Арена» стадионында 7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімі аяқталды

АНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Елордадағы «Астана-Арена» стадионында 7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімі аяқталды.

Астанадағы «Астана-Арена» стадионында  7-Қысқы Азия ойындарының  салтанатты ашылу рәсімі аяқталды

Екі жарым сағаттан астам уақытқа созылған театрландырылған үлкен шоу қойылым - басынан аяғына дейін қазақ халқының сақ дәуірінен бастау алатын ықылым заманғы тарихынан сыр шертті. Салтанатты шара тұғырға орнатылған Қазақстанның көк байрағының биікке көтерілуінен және ел әнұранының орындалуымен басталды. Одан кейін Қазақ елінде туын желбіреткен 7-Қысқы Азия ойындарында бақ сынайтын 27 Азия мемлекетінің спортшыларының шеруі өтті. Көрсетілген әрбір театрландырылған музыкалық қойылымның өзіндік жеке мағынасы болды. Мәселен, Нұржамал Үсенбаеваның әнінің сүйемелдеуімен басталған көрсетілім кезінде күннің ыстық шуағы мен нұрының астында дүниеге келген сәби, ананың жылы жүрегі мен ықыласына бөленіп өсіп, жүрегіне ұялаған махаббатпен Жер-Ананы сусындатады. Өз кезегінде табиғат оған сондай қайтарыммен жауап береді.

Стадионның төбесінде көктеп ұшқан қанатты тұлпарлар мен қыран құстар - қазақтың салт-дәстүрлері, тұрмысы мен өмірі, маңдайына біткен би-жыраулары мен батырлары туралы көрсетілген бейне көрсетілімдерді одан сайын әсерлі ете түсті.

Жауынгерлердің би композициясы барысында биіктен түскен алтын адамның мүсіні мен көптеген ұлт өкілдерін өзінің бейбіт аспанының астына шоғырландырған қазақтың қара шаңырағын көрермендер ерекше ықыласпен қарсы алды.

Шара соңында сахна төріне шығарылған Азия олимпиада кеңесінің жалауы биікте желбіреген Қазақстан Туының жанынан бой түзеп, АОК-нің әнұраны орындалды.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Азия олимпиадалық кеңесінің президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабахтың жүрекжарды тілектерінен кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жеріндегі Ақ Азияда қатысушыларына лебізін білдіріп, Ойындарды салтанатты түрде ашық деп жариялады.

Бұдан кейін ел намысын халықаралық деңгейде қорғаған қазақстандық спортшылар 7-Қысқы Азия ойындарының бас алауын тұтатты.