Астанадағы ауруханалар мен емханаларға QR-код енгізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы мемлекеттік ауруханалар мен емханалардың барлығына QR-код қызметі енгізілді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Астанадағы ауруханалар мен емханаларға QR-код енгізілді

«QR-код бізге денсаулық сақтау саласындағы алаяқтық мәселесін жүйелі түрде шешуге мүмкіндік берді. Бұрын интернетте жалған еңбекке жарамсыздық парағын жасайтын хабарландыруларды көптеп кездестіретін едік. Бұны қолдан жасалған құжаттардың ұйымдасқан айналымы десе де болады. Қазір мұндай хабарландырулар іс жүзінде жоғалып кетті. Бұл проблема цифрландыру арқылы шешілді. Біз үшін маңызды. Аталған қызметті SmartAstana тегін қосымшасын орнату арқылы пайдалануға болады», - деді М.Бектұрова қалалық әкімдік отырысында.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда елорданың барлық емханалары мен ауруханалары толық QR-кодтармен жабдықталған және 083у, 086у, 094, 095 формасындағы медициналық анықтамаларды QR-код көмегімен тексеруге болады.

«Бүгінгі таңда Астана емханалары беретін барлық ауруханалық парақтарда QR-кодтар бар. Еңбекке жарамсыздық парағы немесе анықтама QR-кодын қолдан әзірлеу мүмкін емес. Жарнама орналастырған адамдарға сенсеңіз де, мұндай парақты немесе анықтаманы сатып алып, оны кадр қызметіне әкелгеніңізбен, оның жалғандығы оңай анықталады», - дейді ол.

Осыған дейін Астанада SMS арқылы жолақы төлей алатын ұялы байланыс абоненттерінің саны артқандығы хабарланды.