Астанадағы автобустарда қолма-қол жолақы төлеу жүйесі жойылмайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың қоғамдық көліктерінде электронды төлем жүйесі енгізілген соң да қолма қол жолақы төлеуге мүмкіндік болады. Бұл туралы "Астана ЛРТ" АҚ төлем жүйелер орталығының жетекшісі Сергей Попов мəлім етті.
Ол бұл мəселеде Алматыдағы "Оңай" жүйесінің олқылықтары ескерілді деп атап өтті.
"Біз қолма-қол төлем жүйесін жоймаймыз. Егер карточкаңыз болмаса, автобус жүргізушісіне барып, ақша төлейсіз. Ол сізге билет шығарып береді, билетте жол жүрген уақытыңыз, QR-код жазылып тұрады",-деп мəлім етті С.Попов.
"ASTRA PLAT" электронды төлем жүйесі жуырда, дəлірек айтсақ, 31 мамырда қала маңында жүретін автобустар мен экспресс автобустарда іске қосылады. Ал, жаз бойы қаладағы бүкіл автобустарға осы электронды төлем жүйесі орнатылады деп жоспарлануда. Мамыр айының соңына дейін оқушылар мен жеңілдікпен жүретін азаматтарға атаулы карталар таратылады. Ал, жай карточкаларды сататын орындар мен олардың бағасы əлі пысықталып жатыр.