Астанадағы автобустарда жүргізушілер неге тұрақтамайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана LRT» тарапы қалалық автобустарда кейбір бағдарлардың жүруі бойынша уақыт аралығының ұзаруы себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде жүргізушілер жетіспей жатыр, бұл өз кезегінде автобустың жүруі бойынша уақыт аралығының ұзаруына алып келуде. Сәйкесінше, жолаушылар кейбір бағдарларды ұзақ күтіп қалатындығы туралы ескертулерін айтуда. Автопарктердің бірінде шынымен де жүргізушілер өздерінің жұмыстарынан кетіп жатыр», - деді «Астана LRT» ЖШС-ның баспасөз хатшысы Науат Азанбаева.
Сонымен қатар ол қоғамдық көлік жүргізушілерінің неліктен қызметтерінен кетіп жатқандығы туралы өзінің пікірімен бөлісті.
«Менің ойымша, жүйедегі үрдістердің ашықтығы қамтамасыз етілуде, сондықтан олар «қосымша табыстарынан» қағылуда. Олар міндетті түрде билет беруі тиіс, сонымен бірге қолма-қол ақшамен есеп айырысу мүмкіндігі азайып келеді. Бұрындары оларда ақшаның бір бөлігін «өздерінің қалтасына» салу мүмкіндігі болды, ал қазір барлығы ашық жүргізіледі», - деді Н. Азанбаева.
Оның сөзіне қарағанда, дифференцияланған тарифті енгізу - автобус жүргізушілері құрамының сапасына да оңтайлы ықпал етеді.
«Автобустарды жалға алып жүрген және тасымалдаушылар штатында болмаған кейбір жүргізушілер осындай режімде жұмыс істеуден бас тартып жатыр. Соңғы аптада көлік карталарын пайдаланушылар үлесі 85 пайыздан асқандықтан, қолма-қол ақшамен жүретіндер айтарлықтай азайды. Яғни, осы жағдайлар төлем жүйесінің ашықтығы қалыптасқанын білдіреді», - деді Н. Азанбаева.