Астанадағы автобустардың жүргізушілері есірткіні анықтау тестісінен өткізілмек

Бұл ұсынысты Астананың ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы Сергей Ильиных айтты.
Осы мәселеге байланысты өткен кездесуге елордадағы автобус парктерінің басшылары мен жол полициясының қызметкерлері, сондай-ақ Жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының өкілдері қатысты
«Автопарктерде дәрігер-наркологтардың кабинетін ашуды ұсынып отырмыз. Бұл шаралар жолаушылар көліктері жүргізушілерінің есірткі пайдалануына жол бермес үшін іске асырылмақ. Себебі олар өздерінің ғана емес, сонымен қатар жолаушылардың да өміріне жауапты», - деп тоқталды ол.
С. Ильиныхтың сөзіне қарағанда, анонимді сенім телефоны арқылы бір жүргізушіге шағым түскен көрінеді. Бұл мәселе қазіргі кезде тексеріліп жатыр. «Егер бұл ақпарат расталған жағдайда қосымша ақпарат беретін боламыз», - деді ол.
«Өткен жылы қаладағы қоғамдық көліктің үш жүргізушісі көлікті мас күйінде жүргізгені үшін ұсталған болатын. Жалпы, есірткі пайдаланып, автобусқа отырған жүргізушілер тіркелмеген», - деді С. Ильиных.
Оның пайымдауынша, осы шараны іске асыруға байланысты жауапты мекемелер арасында ынтымақтастық туралы тиісті меморандум бекітілетін болады.
Бөлім бастығының айтуынша, есірткі тестісінің бағасы дәріханаларда 400-800 теңге аралығында тұрады.
Елордалық автобус парктерінің басшылары аталған жиын барысында осындай есірткіге тексеру шарасын өткізуге келісті. Олардың сөзіне қарағанда, бүгінде автопарктерде тәжірибелі медициналық қызметкерлер жүргізушілер маршрутқа шығардың алдында тексеруден өткізеді. Олар жүргізушілердің денсаулығы дұрыс болмаса немесе алкогольдік ішімдік пайдаланса бірден анықтауға қауқарлы.