Астанадағы "Әзірет Сұлтан" мешіті алғашқы қасиетті Қадір түнін өткізді

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астана төріндегі «Әзірет Сұлтан» мешітінде  жамағат алғаш рет қасиетті Қадір түнін өткізді, деп хабарлады Мешіттің баспасөз қызметі.

Астанадағы "Әзірет Сұлтан" мешіті алғашқы қасиетті Қадір түнін өткізді

Жаратушы Иеміз бұл түнде жасалған құлшылықты мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдаған. Қадір түні - Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) үмметінен басқа ешбір үмметке берілмеген Алланың сыйы.

Ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысқан ТМД-дағы ең еңселі де сәулетті саналатын Елордамыздың «жауһарына» айналған «Әзірет Сұлтан» мешітіне Қадір түнін күтуге 10 мыңнан астам адам жиналды. Олардың арасында исламды өмір салты санайтын намазхан жамағат та, дәстүрлі дініне мойын бұрған жастар да, еліміздің бірқатар зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен мемлекеттік шенеуніктер де бар.

Жиналған қауым - «Әзірет Сұлтан» мешітінің жамағаты мың айдан да артық бұл түнді ғибрат пен ғибадатқа толы өткізді. Мешітте ең әуелі құптан және тарауық намаздары оқылды, насихат айтылды.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы жамағатты Қадір түнімен құттықтай келе: «Біздің ортақ Отанымыз Қазақстанның әлем халықтары қызыға қарайтын елдің тыныштығы, халықтың бірлігі, діни төзімділік, ұлттың тұтастығы сияқты байлығын Алла ұзағынан сүйіндірсін» деді.

 «Біздің күшіміз - бірлікте» деген Елбасы сөзін тілге тиек етіп, халықты осы ынтымақ пен береке жолынан таймауға шақырған Бас имам: «Айлардың сұлтаны, Алла Тағаланың мейірім шапағаты ерекше асып-тасатын Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз, тілеген тілектеріңіз, жасаған мінәжаттарыңыз, құлшылық-ғибадаттарыңыз, берген садақаларыңыз қабыл болсын! Сексен үш жылға пара-пар келетін мың айдан да қайырлы Қадір түні мүбәрәк болсын. Алла осы түнді құлшылықпен, ғибадатпен, мінәжатпен, Алла Тағаладан Отанымызға, ұлтымызға, дінімізге, күллі адамзатқа тыныштық әрі жақсылық тілеумен өткізуге жазсын», - деген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас Мүфтиі Әбсаттар-қажы Дербісалының құттықтауын жеткізді.

Сондай-ақ, мүбәрак мерекеге орай Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әділ Ахметов пен академик Төлеген Қожамқұлов және т.б. ел зиялылары жамағат алдында сөз алып, өздерінің лебіздерін білдіріп, қазақстандықтарды Қасиетті Қадір түнімен құттықтады. Олар бүкіл қазақстандықтарға иман, адал да мол, сарқылмас ырыс-береке, екі дүниенің бақытын тіледі.

Бұдан кейін жамағатқа уағыз-насихат айтылып, жамағатпен «тәсбих намазы» оқылды. Жұртқа еркін құлшылық қылу үшін де уақыт берілді. Қадір түнінің соңына қарай Құран оқылып, бата жасалды.