Астанадағы Балалар үйі жаңа ғимаратқа көшеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Мамандандырылған балалар үйі жаңа ғимаратқа көшеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі елордалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанадағы Балалар үйі жаңа ғимаратқа көшеді

"Мамандандырылған балалар үйінде Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы К.Т.Надыровтың төрағалығымен Қамқоршылық Кеңес өтті. Отырыс соңында мекеменің жаңа ғимаратын салу жоспарланып, ондағы аумақты абаттандыру және Балалар үйінің қызметкерлерін Ұлттық балаларды оңалту орталығында оқыту мәселелері қарастырылды", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, жиналыс аясында мекеме қызметінің басым бағыттары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырау мен тәрбиелеу, түсіп жатқан демеушілік көмекті орынды пайдалану мәселелері қаралды.

Балалар үйі ата-ана қамқорлығынсыз қалған және органикалық дертке шалдыққан балаларды тәрбиелейді. Сондай-ақ, қаладағы кішкентай тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді.

Қазіргі уақытта 100 жатын орны бар бұл мекемеде 54 бала тәрбиеленеді. Қызметкерлер 100% сертификаттандырылған және әрқайсысының жұмыс өтілі 20 жылдан асады. 2017 жылы Балалар үйіне 80 бала түскен. Оның 31-і қыз баа болса, 49-ы - ұл бала.