Астанадағы Балалар үйінің өз зертханасы болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Балалар үйінде «Qstudy» білім беру орталығы ашылды. Шараға елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыдан бір жыл бұрын Астанадағы Балалар үйінде әкімнің тікелей тапсырмасымен білім берудің жаңа пилоттық жобасы қолға алынған болатын. Осы уақыт аралығында мекеменің ұстаздары қала билігінің қолдауымен білім саласында трансформациялық жаңашылдыққа жол ашты. Пилоттық жоба өз нәтижесін беріп, «Qstudy» жаңа білім беру орталығы ашылды.

Орталықта қажетті құралдармен жабдықталған зертхана, кітапхана және спорт залы бар. Одан бөлек, балаларды шығармашылыққа және еңбекке баулу мақсатында тігін тігу, ағаш шеберлігі, құмыра жасау, би және сұлулық үйірмелері жұмыс істей бастады.

«Балалар біздің болашағымыз болғандықтан, осындай орталықтардың ашылуы қуантарлық жағдай. Бұл өз кезегінде еліміздің, елордамыздың даму сатысының алға қадам басқанының айқын көрінісі. Өздеріңіз білетіндей, Елбасы қойған үлкен тапсырма бар. Ол - әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осы жолда бүгінгідей заманауи тұрғыда жабдықталған білім беру орталықтарының ашылуы алға қойған мақсатымызға жетуіміздің кепілі», - деді Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов.

Бүгінде орталықта 90 тәрбиеленуші бар. Тәрбиеден бөлек мұнда балалардың ой-өрісін кеңейту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіледі. Атап айтсақ, биыл 40 бала Түркияда жазғы демалыстарын өткізіп қайтты. Тағы 17 тәрбиеленуші Гонконг пен Дубайға жіберілмек.

Айта кетейік, орталықтың ашылуына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қатысты. Ол мұндай оқу орталығы елімізде алғашқылардың бірі екендігін атап өтті.

Салтанатты шара мерекелік концерт пен спорттық эстафетаға ұласты.

 

Иллюстрациялық фото

Соңғы жаңалықтар
telegram